Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

Қазақ ғылымы мен мәдениетінің жарық жұлдызы

 

Қазақ халқының мақтанышы

 


Ахмет  Байтұрсынұлы (5 қыркүйек 1872 жыл, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылы – 8 желтоқсан 1937, Алматы қаласы) — қазақ ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы,ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.

 

Атасы Шошақ немересі  Ахмет  өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі [Ерғазы] Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылы Ақтөбе, Қостанай,Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Ол өте кемеңгер, білімді тұлғаның бірі болған.

 

Ахмет Байтұрсыновтың саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды.

Лидеры партии  «Алаш» Ахмет Байтурсынов (слева), Алихан Букейханов и Миржакып Дулатов

 

Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсыновты қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды.

 

А.Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды.  Байтұрсынов  пен Дулатов қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру – жүзаралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары жақсы біліп, мойындады.


Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсыновты бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-рев. к-ті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

 

Байтұрсыновтың ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты

 

Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 ж. 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы Б-тың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ол 1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды.

 

1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 ж. 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 ж. қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды.

 

Қазақ халқының басындағы ауыр жағдайы туралы «Қазақ» газеті ашына жазды. Сол тұста жайылымдар мен шабындықтар келімсектердің иелігіне өтіп, егін егілетін жер талауға түскені аян. Қазақ халқының басында жат жұрттықтар ықпалынан шығу, ел болу үшін бірігу секілді ұлы міндеттер тұрған кез еді. Осындай қиын-қыстау уақытта оқыған қазақтардың көпшілігі ана тілін менсіне қоймайтын күйге түскені де рас. Олар көбінесс орыс школдары мен татар медіреселерінде білім алғаннан кейін бір-біріне хат жазғанда да осы тілдерді көбірек қолданатын.

 

Сондықтан да «Қазақ» газетінің ең ұлы мақсатының бірі ана тілін түрлендіру, қазақ тіліндегі басылым арқылы тіл мен дәстүрді дамыту, қалың қауымның көзін ашу болатын.

 

Содан да болар, «Қазақтың» жауы да аз болмады. Өз ішімізден шыққан шұбар жыландар кейбір үкіметке жаға қоймайтын материалдарды орыс тіліне аударып, газет үстінен арыз-шағымдарды  қардай боратты.

 

Ақаңның көсемсөзші есебінде танылуына да осы газет іргетас қалады. Газеттің халық қолдауына ие болуы оның абыройын асырды, ел ішіндегі беделін нығайтты. Тіпті газет жабылар алдында материалдық хал-ахуалы жаман болған жоқ. Газеттің өз баспаханасы, едәуір қағазы, шағын кітапханасы болды. Ал таралымы сегіз мың данаға дейін жетті. Бүгінде кейбір қазақ газеттері таралу жағынан бұл саннан көп төмен екенін ескерсек, сол тұстағы Ақаң ұйымдастырған газет әрі насихатшы, әрі жаршы, әрі хабаршы болғанын аңғару қиын емес.

 

Қостанай елін ақындар елі, батырлар елі деп атайды. Қазыналы Қостанай сонымен бірге ұстаздар елі. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннен басталған, ұлт ұстазы, ұлт ұйтқысы атанған Ахмет Байтұрсынов жалғаған ұстаздық дәстүр ұлттық идеологияның өзегіне айналып, ХХІ-ші ғасырға да жетті. Жай жеткен жоқ, талай-талай тар жол, тайғақ  кешуден өтті.

 

Ақаңды қазақ халқының көсемі, ұлтымыздың ұлы ұстазы деп танитын болсақ, «Қазақ» газеті де ұлттың ұйтқысы болғаны тайға таңба басқандай анық. Ендеше оның ұлттық баспасөз тарихындағы атқарған рөлі де, алатын орны да ерекше.

 

Қостанай мемлекеттік университеті Ахмет Байтұрсынов есімімен аталады. Онда шәкірттер үшін білім алуға толық жағдай жасалған.


PDF