Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

«Серпін- 2050» әлеуметтік жобасы және А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ

 

2014 жылдан бастап «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасы жұмыс жасап жатыр. Серпін – 2050» жобасын бүгінде еліміздің ішіндегі «Болашақ» бағдарламасы деуге болады. Өйткені Елбасының өзі тікелей қолдау көрсетіп отырған бағдарламаның маңызы жоғары. Бұл жоба халық саны және жұмыс күші аз солтүстік өңірге оңтүстік жастарын оқытып, әлеуметтік мәселереді шешуге бағытталған. Өйткені оңтүстік өңірлерде халықтың тығыз орналасуы, көп балалы отбасылардың көп болуы, өндіріс орындарының аздығы – жұмыссыздықты және әлеуметтік теңсіздікті тудырып отыр. Жоба осы мәселені шешуге күш салады. Демографиялық өсімі оңтүстіктің жастарын солтүстік, орталық және шығыс өңірлеріне шақырып, индустрияландыру шарасына тарту – жобаның басты мақсаты.

 

 

2014-2015 оқу жылында жылы жобаға шығыс және батыс, солтүстік облыстардан 7 университет пен 25 колледж қатысып, оларға 2050 грант бөлінсе, 2015-2016 оқу жылы жобаға қатысушы жоғары оқу орындары мен колледждердің шеңбері және бөлінген гранттар саны да кеңейтілді: жобаға 19 ЖОО, 47 колледж тартылып, гранттардың саны 6200 жетті. Алғашқы жылы жоба жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтарға бағытталса, 2015 жылдан бастап инженерлік-техникалық, ауылшаруашылығы мамандықтарына басымдық беріле бастады.

 

«Серпін - 2050» әлеуметтік жобасына қатысу үшін талапкерлер қандай шарттарға сай болуы керек? Оның шарттары өте қарапайым. Ол үшін талапкер:

 

Қазақстанның оңтүстігіндегі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, батыстағы Маңғыстау өңірінде мектеп бітірген (мерзімі маңызды емес) түлек болуы тиіс;

ҰБТ немесе КТ-дан,  талапқа сай, кем дегенде, 50 балл жинау керек;

- Қабылдау комиссиясына құжат тапсырып, оқу орнын таңдар кезде «Серпін – 2050» жобасына қатысатын ЖОО-ны белгілегені жөн.

 

«Серпін -2050» бағдарламасымен оқуға түсіп білім алған жастар белгілі бір мамандық иегері атанғаннан кейін сол облыста қалуы талап етілмейді. Бірақ олар сол жерде қалып жұмыс істеймін десе, жұмысқа орналасуға жәрдем жасалады.

 

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті аталмыш жобаға 2015-2016 оқу жылынан бастап алғаш рет қатысып отыр. ҚМУ сынды солтүстік аймақтағы ірі оқу орнының «Серпін - 2050» жобасына қатысуы  заңды еді. Себебі мұнда еліміздің индустрияландыру бағдарламасына енген бағыттарға қатысты инженерлік-техникалық, ауылшаруашылығы мамандарын дайындаудың көпжылдық тәжірибесі бар. Оның үстіне университет Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы негізінде индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде өз оқу базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысын қамтамасыз ететін 10 ЖОО қатарына енді. Жолдауда көрсетілген тапсырма бойынша 10 арқаулы ЖОО-ларға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген еді.

 

 

Университеттің «Серпін - 2050» жобасына және «Нұрлы жол» бағдарламасының өзекті бағытына қосылуына байланысты мемлекет тарапынан Қостанай өңірінің индустриалды картасына сәйкес инженерлік-техникалық, ауылшаруашылық және ветеринария бағыттарында дайындалатын 14 мамандыққа 450 грант берілді.

 

 

Қостанай мемлекеттік университеті Елбасы ұсынған тапсырмаларды ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялыларының: «…Жұрт ісінен кімге де болса жұмыс табылады. Әркім әлі келетін жұмыс алсын. Жадымызда болсын. Аз нәрсе көпке сеп болмақшы», - деген үндеуне арқа сүйіп, оны дер кезінде жүзеге асыруға белсене кірісті.

 

«Серпін -2050» жобасына мектеп бітіруші талапкерлерді тарту, ол жобаның мақсат-мүддесін түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында университет жанынан шағын үгіт-насихаттық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы 2015 жылдың наурыз-тамыз айлары арасында Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының мектеп бітіруші талапкерлерімен кездесіп, оларды университетте дайындалатын мамандықтар, білім ордасының материалдық-техникалық базасы, профессорлық-оқытушы құрам туралы ақпараттармен хабардар етті

 

Оңтүстік өңірдің мектеп бітіруші түлектеріне ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білек пен біліктің күшімен қорғап қалып, біздерге аманат еткен Ұлы Даланың қажетіне жарау, оның кез-келген өңірін экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан көркейту ісі – әрбір жас азаматтың парызы деген ұғымды қалыптастыру көзделді. Үгіт-насихат жұмыстары туған жер туралы белгілі танымал әннің әуеніне ұйқастырылған «Атамекен, ақ мекен, берекелі бақ мекен// Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!» деген ұран-девизбен жүргізілді.

 

 

Үгіт-насихат жұмыстары өз нәтижесін беріп, Серпін-2050» жобасы шеңберінде бөлінген гранттарға оңтүстік өңірдің Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының жастары белсене қатысты. Олардың тарапынан Қостанай мемлекеттік университетіне оқуға түсуге 1100 астам адам тілек білдіріп, мамандықты дұрыс таңдай білген әрі бағы жанған 450 талапкер ауылшаруашылығы және оны өңдеу, ветеринария, инженерлік-техникалық мамандықтарына оқуға түсіп, қазіргі таңда білім нәрімен сусындауда.

 

 

Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының есімін иеленген білім ордасы «Серпін» бағдарламасы шеңберінде грантқа ие болған талапкерлерді жатақханамен қамтамасыз етуді және оларды оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасуына жәрдем беруге атсалысуды жоспарлап, мемлекеттік маңызы бар бағдарламаны жүзеге асыруға өз үлесін қосуға берік бекініп отыр.

 


PDF