Ахмет Байтұрсынов
атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Басқа халықтардан кем болмас үшін біз білімді,
бай, hәм күшті болуымыз керек.
Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек,
Күшті болуға бірлік керек.
А. Байтұрсынов

Студент үшін тек оқу ғана маңызды емес!

Студенттік шақ – адам өміріндегі ең бірегей, керемет, есте сақталар кезең. Ол тек дәріс тындап, семинарға қатынасып, кітапханаға барумен шектелмейді. Cтуденттің өмірі жан-жақты болса, оның өсіп-өркендеуі де жан-жақты болмақ.

 

Студент оқумен ғана өмір сүрмейді: оның өмірі сан қырлы да қызықты, сондықтан ол сан түрлі істермен - музыка, спорт, бимен айналысады.

 

 Біздің университет студенттің өз талантын ашуына барша мүмкіндік жасаған: ән салып, би билеп, домбыра тартып, тіпті актерлік шеберлігіңді шыңдап… үлкен сахнада өзіңді көрсет. Көңілің тартса - таңдау кең.


Осының бәрін іске асыруға университеттің «Өнер» студиясы көмектеседі. Ол вокал, хореография, домбыра кластары, ақындық өнер және көркемсөз шеберлігі сыныптары. Студияның басшысы Қазақстанның халық ақыны Әсия Әйіпқызы Беркенова.

 

 

Тәжірибе көрсеткендей, өнердегі ең қызықтырушы себеп - сахнада өнер көрсету мүмкіндігі. Әрине, әркім де барынша жақсы өнер иесі болып, көрермен құрметіне ие болуды арман етеді. Шығармашылықпен айналысқан студент үшін бұл іске асатын мақсат. Кәсіби көмек «Өнер» студиясының ұжымынан, ал талаптану-студенттен. Әрине, студент өз уақытын ұтымды пайдаланып, оқу мен өнерді қатар ұстап жүруі керек.


Болашақ мамандығы өнермен қиылыспайтын студенттер (агроном, заңгер, инженер т.б.) бізден өз таланттарын алып, өрлетуге мүмкіндік алады. Олардың табиғи таланттары шыңдалып, ашылады. Студияда жеке студенттер ғана емес өнерлі топтар да дайындалады: вокалдық топ, би тобы, домбырашылар ансамблі. Мысалы «Бадрисафа» би тобы республикаға белгілі болып жүр. «Өнер» студиясының түлектері қалалық, облыстық мерекелік шаралардың нағыз көркі.

 

 


ВОКАЛ


     

Өнердің көне түрі – вокал. Вокал сыныбының студенттері университеттегі мерекелердің, концерт кештерінің тұрақты қатысушылары. Олар үнемі ізденіс үстінде, шеберліктерін шыңдап, әртүрлі жарыстарда жүлдегер болады.

 

Вокалдық мүмкіндіктеріне қарап студенттерге қазақ, орыс композиторларының шығармаларын, классикалық романстарды фортепиано сүйемелдеуімен орындау үйретіледі.

 

 


 

 

 

МУЗЫКА


Аспаптық ансамбль құрамында домбырамен қатар қобыз, шертер, дабыл, сылдырмақ, тас тұяқ, аккордеон т.б. аспаптар бар. Репертуарында «Адай», «Торжорға», «Ел айрылған», «Балбырауын», «Алтынай», «Көрғұлы», «Әлқисса», «Мұрагер», «Қөңіл ашар», «Арман», «Арынғазы» т.б. шығармалар бар ансамбль университеттің мереке кештеріне көрік беріп, студенттерді ұлттық музыка өнерін сүюге тәрбиелейді.

 

Аса шебер студенттер тек ансабль құрамында ғана емес, жеке орындау шеберлігін де жетілдіреді.


  

    

 

 

ХОРЕОГРАФИЯ


Әр халықтың өмірі мен тұрмыс - салты музыка өнерінде ғана емес би өнерінде де көрініс тапқан.

 

Хореография – грек тілінде «хорео» – «би», «графо» - «жазу». Яғни, «бимен жазу» мағына береді.


 "Өнер" студиясында «Бадрисафа» би тобы құрылған. Бадрисафа - Ахмет Байтұрсыновтың жары, өмірлік серігі. Би тобының репертуарында «Киіз басу», «Бозінген», «Шаттық», «Кочевник», «Кызгалдак» қазақ билерімен қатар өзге елдің де билері бар. Олар «Кантри», «Дочь Фараона»,  «Модерн», «Твист», «Современный», «Майкл Джексон», «Восточные красавицы» т.б. бар.

 

 

 

 

ПОЭЗИЯ ЖӘНЕ ИМПРОВИЗАЦИЯ


Студияда поэзия класы, ақындар сыныбы бар. Осы уақытқа дейін университетте студенттердің 4 аймақ аралық айтысы өткізілді.

 

Поэзия класында жас ақындар шеберліктерін шыңдап, айтыстарға ден қояды. 

    


PDF