object(DateTime)#1041 (3) {
  ["date"]=>
  string(26) "2025-07-21 21:28:29.000000"
  ["timezone_type"]=>
  int(3)
  ["timezone"]=>
  string(12) "Asia/Karachi"
}
ТДМ

Ғылымға қосқан айырықша үлесі үшін!

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті көрнекті қазақстандық картограф ғалым, саясаттану докторы, профессор Мухит-Ардагер Сыдықназаровтың Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қазақстан Республикасының ғылым саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуына және беруіне байланысты толық әрі шынайы қолдау білдіреді.

Біз бұл жоғары мемлекеттік марапаттың профессордың ғылымға сіңірген айрықша еңбегі, соның ішінде Қазақ Мемлекетінің тарихи картографиясы мен тарихи географиясы бағытындағы маңызды, бұрын сонда болмаған жаңа ғылыми сала ретінде қалыптасуына қосқан үлесі үшін лайық деп санаймыз.

Профессор Мухит-Ардагер Сыдықназаровтың ғылыми еңбектері гуманитарлық ғылымның жаңа парағын ашты: алғаш рет Қазақ Мемлекетінің үздіксіз мемлекеттілігі XV–XIX ғасырлар аралығындағы 5000-нан астам бұрын ғылыми айналымға енбеген еуропалық, америкалық тарихи карталар негізінде жүйелі түрде дәлелденді. Бұл құнды карталар Нидерланд, Ұлыбритания, Франция, Испания, Ватикан, Бельгия, Португалия, Германия, Швеция, Норвегия, Дания, Польша, Австрия, Швейцария, Италия сынды елдердің корольдік коллекцияларында, сондай-ақ АҚШ пен Таяу Шығыс елдерінің жетекші картографиялық орталықтары мен архивтерінде сақталған.

Бұл карталар Қазақ Мемлекетінің тарихи-құқықтық субъектілігін, аумақтық тұтастығын және халықаралық деңгейдегі мойындалуын көрсете отырып, еліміздің мемлекет тарихына қатысты бұрынғы түсініктерді түбегейлі өзгертеді.
Профессор Сыдықназаровтың еңбектері әсіресе Қазақстанның өңірлік тарихы үшін ғылыми серпіліс болды.

Қазіргі таңда өлкетану, ұлттық бірегейлік пен аймақтық тарихи жадыға деген қызығушылық артып отырған жағдайда, ғалымның зерттеулері қазақ халқының саяси-құқықтық мәдениеті ежелден қалыптасқан өңірлер, соның ішінде Солтүстік Қазақстан, Шығыс Дешті Қыпшақ және басқа да аймақтардың тарихын қайта пайымдауға берік ғылыми негіз қалайды.

Қазақ Мемлекетінің көне картографиясын зерттеуші ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров өз еңбектері мен ғылыми жаңалықтары арқылы отандық гуманитарлық ғылымдағы аса маңызды олқылықтың орнын толтырып, тұтас ғылыми мектептің іргетасын қалады. Оның «Қазақстанның үздіксіз мемлекеттілігі – тарих толқынында. XV–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ Мемлекеті» атты 2021 және 2024 жылдардағы атластарға негізделген зерттеулері тек академиялық құндылық қана емес, сонымен қатар білім беру жүйесінің, тарихи таным мен құқықтық мәдениеттің дамуына арналған маңызды құралға айналды.

Ғалымның жаңалықтары шетелде де мойындалды: М.-А. Сыдықназаровтың ғылыми зерттеулері Франция Ұлттық ғылым академиясының Ғылыми кеңесінде (Париж, 2023), Польша ғылым академиясында (Варшава, 2024), Түркі дүниесі географтарының конгресінде (Түркістан, 2024) таныстырылып, жоғары бағаға ие болды. Ғалым түркі мемлекеттерінің географиясына қосқан үлесі үшін Алтын медальмен марапатталды.

Біз бұл көрнекті ғалымның қазақ халқының ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталатын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын зор мақтанышпен атап өтеміз. Бұл ұлы тұлғаның есімі біздің университетімізге де берілгенін ерекше құрметпен еске саламыз. Біз ғалымды толығымен қолдаймыз!

Сондай-ақ профессордың ағартушылық қызметі ерекше атап өтуге тұрарлық: алғаш рет қазақ мемлекеттілігі тарихында және Қазақстан мен шетелде «IX–XIX ғасырлардағы Қазақ Мемлекетінің көне карталар Галереясы» атты бірегей көрме-галереялар ашылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл Қазақ Мемлекетінің көне карталар Галереялары бүгінде Бельгияның Брюссель, Францияның Париж, Ұлыбританияның Лондон, Ресейдің Мәскеу, Польшаның Варшава, АҚШ-тың Сан-Франциско мен Чикаго қалаларында, Өзбекстанның Ташкент қаласында, сондай-ақ Қазақстанның Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Өскемен, Түркістан, Орал, Шымкент, Щучинск қалаларында жұмыс істеп тұр.

Ғалымның зерттеулері Қазақстан Республикасының егемендігін, геосаяси субъектілігін нығайту контексінде ерекше маңызды.
Заманауи жаһандық сын-қатерлер жағдайында Мухит-Ардагер Қаржаубайұлы Сыдықназаров ашқан картографиялық дереккөздер қазақ халқының ғасырлар бойғы үздіксіз мемлекеттілігінің, нақты белгіленген аумақтардың, халықаралық деңгейде танылған саяси-құқықтық институттардың бар екендігін дәлелдейтін ең маңызды ғылыми артефакт ретінде қызмет етеді.

Бұл ғылыми мұра Қазақстанның егемендігінің зияткерлік тірегіне айналып, еліміздің халықаралық аренадағы тарихи құқықтылығын нығайтуда және сыртқы саясаттағы позициясын дәлелдеуде маңызды рөл атқарады.
Біз тағы да атап өткіміз келеді: профессор Мухит-Ардагер Сыдықназаровтың ғылыми зерттеулері мен ең бастысы – ашқан ғылыми жаңалықтары еліміздің ең жоғары мемлекеттік марапатына толықтай лайық деп сенеміз.

Қазақстан Республикасы ғылым саласындағы Мемлекеттік сыйлығын беруді қолдаймыз!

Қабылдау комиссиясы