object(DateTime)#1057 (3) {
  ["date"]=>
  string(26) "2025-11-06 00:22:48.000000"
  ["timezone_type"]=>
  int(3)
  ["timezone"]=>
  string(12) "Asia/Karachi"
}

USTAZ START: ертеңгі ұлт ұстаздарын тәрбиелейміз

Baitursynuly University мектеп оқушыларына арналған ауқымды бастаманы іске қосты. Бұл – «USTAZ START» кіші педагогикалық академиясының ресми ашылуы!

Тұсаукесер Ө. Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтта өтті.

Бұл қарапайым үйірме емес. Бұл – мектеп оқушылары мұғалім болудың алғашқы қадамдарын жасайтын, өз қабілетін сынайтын, сенімділігін арттырып, кәсіби дағдыларды игеретін платформа.

Залда ине шаншар орын жоқ: Қостанай облысының әр ауданынан келген 500-ден астам оқушы. Қуаныш, ду қол шапалақ, «Ұстаз – жарықтың шырақшысы!» деген ұран…

Осы бір сәтте-ақ үлкен саяхаттың бастау алғанын сезіне алдық.

ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев сөзінше, «USTAZ START» – педагог элитасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам:

– Жобаның мақсаты – оқушылардың педагогикаға қызығушылығын оятып, ерте кәсіби бағдар беру.
Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлт тағдыры – ұстаздың қолында» деп атап өткен. Бұл ой дәл бүгін ерекше мәнге ие. Себебі жас ұрпақты тәрбиелеу – елдің ертеңін қалыптастыру.

Қостанай, Рудный, Лисаковск және облыс аудандарынан келген оқушылар болашақ мамандықтарына алғашқы қадам жасады.

Академияның қызметі шәкірттердің қабілетін ашып, тұлғалық және кәсіби өсіміне серпін берер бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асады:

INSPIRE CLASS

Енді 11-сынып оқушылары үшін арнайы онлайн-курс «Педагогикалық мамандыққа кіріспе» іске қосылды.

Интерактив сабақтар, нағыз ұстаздармен тікелей байланыс, мұғалім мамандығын өз көзімен көріп, қолымен сезінуге мүмкіндік. Бұл жай теория емес. Бұл кәсіби әлемге шынайы алғашқы қадам.

Бағдарламаны аяқтағандарға арнайы бонус: қатысушыларға педагогикалық бағытқа түсу кезінде белгілі емтиханнан босататын сертификат беріледі.

Оқушылар үшін жағдай жасалған: қызықты формат, практикалық тапсырмалар, мотивация, қолдау.

LINGVO SCHOOL

Тіл байлығын тереңдетіп, сөз өнерін меңгеріп, көпшілік алдында батыл сөйлеуді мақсат еткен оқушыларға ҚӨУ екі керемет мүмкіндік ұсынады!

Шешендік өнер шеберханасы

Сахнаға нық қадам жасап, сөз бастарда толқымай, қазақ және орыс тілдерінде көркем де сауатты сөйлеуді үйренгің келе ме? Онда бұл саған лайық орта!

Әр жұма сағат 14:00-де, Педагогикалық институттың 503 аудиториясында.

Speaking club “New Perspectives”

Ағылшын тілін сүйетіндерге немесе оны еркін меңгеруді мақсат еткендерге арналған керемет жүздесу алаңы. Еркін әңгіме-дүкен, қызықты ойындар, TED стиліндегі пікірталас, мазмұнды тақырыптар және жайлы орта – бәрі де сенің тілдік қабілетіңді ұштау үшін.

Әр жұма сағат 12:00-де, Педагогикалық институттың А205 аудиториясында.

Формат: онлайн/оффлайн

ТАБИҒАТТАНУШЫЛАР МЕКТЕБІ

Табиғатты, ғылымды, есеп-қисапты жақсы көретін, күрделі дүниені шешіп, жаңаша ойлауға құмар жандарға арналған нағыз зерттеу және инженерлік алаң!

Робототехника бойынша олимпиадалар мен байқаулар

Бұл жерде робот құрастырып қана қоймайсың. Инженерлік ойлау, логика, командамен жұмыс, ерекше техникалық міндеттер, офлайн-жарыстар – бәрі бар.

Қатысушылар робот жобалап, бағдарламалап, информатика, математика және физика бойынша олимпиадаларда күш сынайды.

Жаратылыстану зертханасы

Мұнда ғылым құрғақ теория емес, нағыз қызыққа толы саяхат түрінде түсіндіріледі.

Эксперимент жасайсың, химия мен биология салалары бойынша шағын тәжірибелер мен зерттеулер жүргізесің.

Жер тарихын танисың, табиғат құбылыстарының сырын ашасың, ғылыми құралдармен жұмыс жасап, заманауи цифрлық платформаларда диаграммалар мен модельдер құрастырасың.

Бұл кеңістік – өзіңді зерттеуші сезінуге мүмкіндік беретін шынайы ғылыми әлем.

«ЖАС ЗЕРТТЕУШІ» Клубы

Бұл орта – оқулықтағыдан артық білуге құштар, тарихтың тереңіне үңіліп, өзін зерттеуші ретінде сынап көргісі келетін оқушыларға арналған.

Мұнда жас тарихшылар қызықты тапсырмалар арқылы, жобалар мен нақты деректер негізінде өткенді зерттейді. Факт іздеуді, оқиғаларды талдауды, себеп-салдарын анықтауды және өз көзқарасын дәлелдей білуді үйренеді.

Қатысушылар жеке шағын зерттеу жұмыстарын жасайды, олимпиадалар мен байқауларға дайындалып, онлайн да, офлайн да бақ сынайды.

Соңында сертификаттар мен дипломдар алады, бірақ ең бастысы – өзіне деген сенім, ақпаратпен жұмыс істеу дағдысы және шынайы ғылыми тәжірибе жинақтайды.

Қысқасы, бұл клуб – тарихты сүйетін, өткеннен сабақ алып, ғалымша ойлағысы келетін жастардың ортасы.

ART&SPORT Мектебі

Бұл кеңістік – спорт пен өнер қатар дамитын, болашақ көшбасшы әрі шабыт беретін педагог қалыптасатын орта.

Әрекет бар, қозғалыс бар, ерлік бар.

Әскери-патриоттық ойындар, жорықтар, спорттық сынақтар, алғашқы медициналық көмек дағдылары, тіпті дрон басқару.

Жай ғана спорт емес – мінез қалыптастыру, өзіңді сынау, командада жұмыс істеуді үйрену.

Шығармашылық шеберхана

Живопись, графика, вокал, музыка, арт-жобалар, фестивальдер, көрмелер.

Идеяң бар ма? Түрленеді. Талантың бар ма? Жарқырап шығады. Рух та, өнер де, ерік те қатар шыңдалады

Қостанай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова педагогикаға қызығушылықтың артып келе жатқанын және ҚӨУ бастамасының маңызды екенін атап өтті:

– Соңғы жылдары кәсіби бағдарға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта педагогикалық мамандықтар бірінші қатардан көрініп отыр.
Жүргізіліп жатқан жобалар мен бағдарламалар нәтижесін беріп, жастардың ұстаздыққа ықыласы артып келеді. Бүгін осы залда отырғандар – болашақ ұстаздар. Білім мен жүректі бала тәрбиесіне арнауды таңдаған ерекше буын.
Сондықтан айтарым: қадірлі болашақ ұстаздар, қош келдіңіздер!

Ал ҚӨУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева өткен жылдың еңбегі мен нәтижесін ерекше атап өтті:

– Біздің университет педагогтарды дайындау жүйесінде шын мәнінде бірегей. Біз тек классикалық педагогикалық дәстүрді сақтап қана қоймай, заманауи талаптарға бейімдеп, жаңа технологияларды енгізе отырып, оны жаңғыртып отырмыз.

Өткен жылы «Педагогикалық сынып» жобасы сәтті жүзеге асты, оның нәтижелері таң қаларлық: бірінші курс студенттерінің 40%-дан астамы педагогикалық мамандықты таңдады. Бұл жастардың ұстаздыққа деген сенімінің және университетімізге деген құрметтің айқын дәлелі.

Ерекше қуантарлығы, бірінші курс студенттерінің 80%-ы – біздің облыс мектептерінің түлектері.

Бүгінде университетте тәжірибелі, кәсіби деңгейі жоғары оқытушылар мен зерттеушілер жұмыс істейді. Біз тек білім беріп қана қоймай, гуманизм құндылықтарын, кең көзқарасты, цифрлық дағдыларды, көшбасшылық қасиеттерді және ғылыми зерттеу мәдениетін қалыптастыруға ұмтыламыз.

ҚӨУ кіші педагогикалық академиясының қатысушылары жұмыс чаттарында бірікті. Алда мастер-класстар, жобалар, тағылымдамалар, байқаулар және тәлімгерлермен кездесулер күтіп тұр.

USTAZ START енді ғана басталды. Дегенмен, білім бергісі, шабыттандырғысы және болашақты өзгерткісі келетін жас ұстаздар буыны қалыптасып келе жатқаны анық.

Ақ жол, ұлы ұстаздар!

Қабылдау комиссиясы