"Академиялық мобильдік бағдарламасы аясында мен Польшаның Лодзь қаласында орналасқан Лодзь университетінде оқуға мүмкіндік алдым. Бұл тәжірибе мен үшін кәсіби және тұлғалық тұрғыдан жаңа мүмкіндіктер ашты.
Лодзь университеті жоғары деңгейлі білім беруді және оқытудың заманауи әдістерін ұсынады. Мұндағы оқытушылар өз салаларының нағыз мамандары ғана емес, сонымен қатар студенттерге күрделі тақырыптарды түсінуге әрқашан дайын. Дәрістер мен семинарлар ағылшын тілінде өткізілді, бұл менің тіл білу дағдыларымды жетілдіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, оқу барысында практикалық тапсырмаларға, жобалық жұмыстарға және топтық презентацияларға ерекше назар аударылды. Бұл командалық жұмыс пен ақпаратты өз бетінше іздеу дағдыларын дамытуға көмектесті.
Лодзь университетінде оқу түрлі мәдениеттер мен дәстүрлер өкілдерімен танысуға мүмкіндік береді. Университет көптеген елдерден келген студенттерді қабылдайды, бұл халықаралық өзара қарым-қатынас үшін ерекше атмосфера қалыптастырады. Мен көптеген жаңа достар тауып, Еуропа, Азия және Африкадан келген студенттермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алдым.
Сонымен қатар, Польшадағы географиялық орналасуыняң арқасында Еуропа елдеріне саяхаттау мүмкіндігі туды. Бос уақыттарда мен Германия, Чехия, Швеция және Дания сияқты елдерге барып, олардың мәдениетімен, сәулетімен және дәстүрлерімен таныстым. Бұл сапарлар менің дүниетанымымды кеңейтіп, ұмытылмас әсер қалдырды. Қысқы демалыс кезінде Франция мен Бельгия елдеріне сапар жоспарлап отырмыз."