"Мен ең алдымен оқып жатқан Янлинь қаласы маған Қостанайды біршама еске салатынын айтқым келеді, сондықтан бұл жердегі өмірге тез бейімделіп кеттім. Мұнда тұратын адамдар өте жайдары, қажет болған жағдайда көмектесуге дайын. Тағамдары өте алуан түрлі әрі қолжетімді, әрі мұндағы стереотиптерге қарамастан, мен қуырылған жәндіктерді немесе пісірілген шегірткелерді көрген жоқпын.
Университетке келетін болсам, ол солтүстік және оңтүстік болып екі кампусқа бөлінген. Негізінен менің оқуым оңтүстік кампуста өтеді. Оңтүстік кампус аумағында түрлі инфрақұрылым нысандары орналасқан тоған, субұрқақтар, үлкен спорт алаңы, сондай-ақ көптеген бақтар бар.
Инфрақұрылым құрамына футбол алаңындай үлкен кітапхана, студенттер практикалық емтихандарын тапсыратын көптеген жылыжайлар, барлық қажетті жағдайлармен жабдықталған жатақханалар кіреді. Сонымен қатар агрономия ғылымына арналған мұражайлар да бар. Оқу үдерісі тікелей өтетін оқу ғимараттары да осы аумақта орналасқан.
Бақтарда студенттер әртүрлі өсімдіктерді, негізінен жеміс ағаштарын өсіреді. Университет аумағына кіреберіс солтүстік-батыс және шығыс бөліктерінде орналасқан қақпалар арқылы жүзеге асырылады, ол жерлерде тәулік бойы күзет қызметі бар.
Мен мемлекет тарапынан бөлінген мақсатты қаражат есебінен жалға алынған пәтерде тұрамын. Бұл қаражат негізінен тамақтану мен университетке қатынауға арналған."