Мерейтой иесінің БАҒА ЖЕТПЕС үлесі

ҚӨУ-де көрнекті ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері, ыбырайтанушы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалқаман Жақыптың 80 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті.

Университетте «Ұлт руханиятына қызмет етіп келе жатқан ғұмыр: профессор Қ.Х. Жақыптың еңбегі мен өнегесі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Тағылымды шараға мерейтой иесінің әріптестері, достары, шәкірттері, сондай-ақ өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қостанай облысының мемлекеттік архиві, Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі, Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана, облыстық тарихи-өлкетану музейі және Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының басшылары мен қызметкерлері бар.

Қалқаман Хасенұлы – терең ойлы философ-ғалым, жүрегі кең гуманист, тағылымы мол ұстаз. Ол саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнап, талай буын шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде оның ізін жалғаған шәкірттері еліміздің әр өңірінде табысты еңбек етіп, ұстаз сенімін ақтап келеді.

Кездесу барысында қатысушылар ғалымның ғылыми мұрасы мен ұстаздық жолына тоқталып, оның ұлт руханиятын дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Бұл басқосу өткенді еске алумен ғана шектелмей, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін мазмұнды алаңға айналды.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мерейтой иесінің өңір дамуына қосқан сүбелі үлесін, әсіресе ономастика саласындағы белсенді қызметін атап өтті. Сонымен қатар облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттарын табыстады.

Университет ректоры Сеитбек Қуанышбаев профессор Қалқаман Жақыпты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапаттап, университет ұжымы атынан иығына шапан жапты. Ол ұстаздың білім беру ісіндегі еңбегіне жоғары баға беріп, шәкірт тәрбиелеудегі табандылығы мен жанашырлығына алғыс білдірді.

ҚӨУ ұжымы атынан Қалқаман Хасенұлын мерейтойымен құттықтаймыз!

Ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз!

>

Қабылдау комиссиясы