Baitursynuly University студенттеріне «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобасы таныстырылды. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалының бірлесуімен жүзеге асуда.
Түсіндірме жұмыстары осы апта бойы университеттің барлық корпустарында ҚӨУ «Құзыреттілік және мансаптық өсу» офисімен бірлесіп өтеді.
Бүгін экономика және құқық факультетінің, сондай-ақ әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің студенттері жоба туралы жан-жақты мәлімет алды. Спикерлердің айтуынша, аталған мектеп қабілетті жастар мен мемлекеттік қызмет арасындағы байланысты нығайтатын көпір болмақ. Жоба, ең алдымен, белсенді де көшбасшы студенттерге бағытталған. Мектептің басты мақсаты – жауапкершілігі мол, кәсіби білімді, қабілетті, жоғары білікті мамандарды мемлекеттік қызметке даярлау.
Кездесу барысында студенттерге іріктеу кезеңдері, оқу курстары мен тренингтер, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерде өтетін тәжірибе тәртібі жайлы толық ақпарат берілді.
Мемлекеттік қызмет саласына қызығушылық танытқан студенттер Қостанай қ., Қасымханов көшесі 34 үй (507-кабинет, байланыс нөмірі: 39-34-15) мекенжайы бойынша хабарласа алады.







