ҚӨУ мен «Дарын» орталығы өңірдегі талантты оқушыларды қолдау мақсатында күш біріктірмек.
Келісім талантты оқушыларды ерте анықтау, қолдау және сүйемелдеу, сондай-ақ олимпиадалық резервті қалыптастыру бағытындағы бірлескен жұмысты көздейді.
Оқушыларды зияткерлік байқаулар мен жарыстарға, соның ішінде үшөлшемді модельдеу, жобалау, робототехника және STEM бағыттары бойынша сайыстарға дайындауға ерекше көңіл бөлінеді.
Ынтымақтастық аясында оқу-жаттығу сабақтарын, интенсивтерді, шеберлік сабақтары мен практикумдарды, сынақ олимпиадаларын ұйымдастыру, сондай-ақ олимпиадалық тапсырмаларды талдау жоспарда бар.
Тараптардың оқытушылары мен сарапшылары, жаттықтырушылары тәжірибе алмасып, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлейді. Сонымен қатар конференциялар, семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізіледі.
Меморандум университет пен «Дарын» орталығының ғылыми, инженерлік және педагогикалық әлеуетін біріктіруге, оқушылардың кәсіби бағдар алу мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың зерттеушілік және техникалық қабілеттерін дамытуға негіз болады.


