АУҚЫМДЫ реформалардың бастауы

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Жаңа Конституция: болашаққа көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Кездесу барысында университеттің оқытушылары мен қызметкерлері алдағы конституциялық өзгерістердің маңызы мен елдің одан әрі даму перспективаларын талқылады.

1 шілдеден бастап Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі жаңа кезеңді айқындайтын жаңа Конституция күшіне енеді. Осы маңызды оқиға қарсаңында дөңгелек үстелге қатысушылар жаңартылған Ата Заңның қандай мүмкіндіктер мен өзгерістер әкелетіні туралы пікір алмасты.

Іс-шарада ҚӨУ-дің мемлекет және құқық теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сымбат Укин, кафедраның аға оқытушысы Индира Талтанова және қылмыстық және азаматтық құқық пен процесс кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Майсатаева мазмұнды баяндамалар жасады.

Спикерлер Конституциядағы негізгі жаңашылдықтар туралы айтып, бұл құжатты шын мәнінде жалпыхалықтық деп атауға болатынын атап өтті. Өйткені оны талқылау мен әзірлеу үдерісіне қазақстандықтар белсенді түрде қатысты.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы ауқымды реформалардың бастамасы ғана болмақ. Алда елді Құрылтай сайлауы мен вице-президент институтын енгізу секілді саяси өзгерістер күтіп тұр.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жаңа Конституция мемлекеттің дамуының маңызды қағидаттарын бекітіп қана қоймай, заманауи, әділетті және болашаққа бағдарланған Қазақстанды құру үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Қабылдау комиссиясы