Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында ҚӨУ жаратылыстану ғылымдары кафедрасы «аға буын» студенттеріне арнап «Қостанай облысының биоалуантүрлілігі» атты арнайы бағдарлама өткізген болатын. Дәріс беруге Татьяна Брагина, Ольга Бородулина, Гаухар Баубекова, Мария Рулева және Сергей Курлов сынды білікті ұстаздар жұмылдырылды.
Оқу бағдарламасының соңғы сабағы теориядан гөрі тәжірибеге көбірек мән берді. Тыңдаушылар аға оқытушы Мария Рулевамен және құстар әлемін зерттеуге құмар (бердвотчерлер) студенттер Даниил Христинецкий мен Әлия Назаровамен бірге Жеңіс саябағына танымдық саяхатқа шықты. Табиғат аясындағы сабақ барысында қатысушылар құстарды бақылаудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеріп, Merlin Bird ID by Cornell, iNaturalist, eBird сияқты мобильді қосымшалармен жұмыс істеп үйренді. Ортақ ізденістің нәтижесінде саябақ ішінен құстың жеті түрі анықталды.
Сонымен қатар, кездесуде Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының атқарып жатқан жұмыстары мен еліміздегі азаматтық ғылымды дамыту мәселелері сөз болды. Аға буынның білімге деген құштарлығы мен белсенділігі тәнті етпей қоймады. Олардың көбі қыс мезгілінде құстарға жем беріп қана қоймай, суретке түсіріп, бейнежазбалар жасап, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосып жүр екен.



