ҚӨУ Ректоры Сейтбек Қуанышбаев университеттің студенттік парламент және белсенді студенттерімен кездесті.
Ректор: «Батыл сөйлеп, кез-келген сұрақтарыңызды қойыңыздар!», деді сөз басында.
Шынымен де, шара “кел, ойыңды ортаға сал, 2026 жылға жоспарыңмен бөліс” дейтін еркін форматта өтті. Бірден шешім табылмаса да, барлық сұрақтар мен ұсыныстар міндетті түрде қаралды.
Студенттер пединституттағы лифтердің жұмысынан бастап, кабинеттер мен грантты өтеу шарттарына дейін әртүрлі мәселелерді талқылады. Әрине, демалыс жайын да ұмытпады.
– Дебаттарға қатысу үшін жол шығындары төленеді ме?
– 1 маусымға дейін қажет қаражат көлемі мен себебі көрсетілген кесте жасап шығыңыздар. Сол бойынша қаражат бөлінеді. Егер тек жол шығыны болса, уайымдамаңыздар, қаржы бөлінетін болады.
– Акт залындағы жарықты жөндетсе дейміз.
– Оны 2026 жылы жаңартуды жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл да маңызды тақырып.
Жаңа жылдан бастап Абай даңғылы бойындағы корпуста жаңартылған акт зал ашылмақ.
Сессия 29 желтоқсанға дейін аяқталып, студенттер үйлеріне асықпай қайта алады.
Ал 4-курс студенттері үшін жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жеке кездесу ұйымдастырылады!
Шара соңында ректор жеке нөмірін айтып, студенттерге маңызды мәселелер бойынша тікелей хабарласуға болатынын еске салды.
Айта кетейік, ksu.edu.kz сайтында ректор блогы жұмыс істейді.











