«Атамекен» ҰКП рейтингі: ҚӨУ КӨШБАСШЫЛАР ҚАТАРЫНДА

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жоғары білім сапасы бойынша Ұлттық форумда білім беру бағдарламасы рейтингісінің қорытындысын ұсынды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының 2025 жылға арналған білім беру бағдарламалары рейтингісінің қорытындысын ұсынды.

Аталмыш рейтингті «Атамекен» ҰКП Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша сегізінші жыл қатарынан жүзеге асырып келеді.

2025 жылы рейтинг 95 173 түлектің деректерін талдады, оған 100-ден астам сарапшы тартылды және 2 031 білім беру бағдарламасы бойынша 117 рейтинг қалыптастырылды.

Бағалау төрт негізгі блок бойынша жүргізілді, оның ішінде жартысына жуығы түлектердің мансаптық перспективаларына тиесілі. Бұл көрсеткіштерге жұмысқа орналасу деңгейі, жұмыс іздеу ұзақтығы және медианалық жалақы кірді.

Талдау қорытындысы бойынша түлектердің жалпы жұмысқа орналасу деңгейі 84% болды, ал олардың 68%-ы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Рейтингке қатысқан түлектердің медианалық жалақысы 203 398 теңгеге жетті, бұл сапалы дайындалған мамандарға сұраныстың артып келе жатқанын және оң динамиканы көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы, ветеринария, инженерлік және жаратылыстану-ғылыми мамандықтардағы жоғары көрсеткіштер қазақстандық өндірістің экономикалық тұрақтылықтың негізі екенін дәлелдейді.

Жұмысқа орналасудың жоғары деңгейі бірқатар өңірде байқалды. Бұл қатарда Қостанай облысы да бар, біздің аймақта көрсеткіш – 90% құрайды.

Айта кету керек, рейтингке Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің 44 білім беру бағдарламасы қатысты.

ҚӨУ-нің 7 бағдарламасы елдегі ТОП-3 білім беру бағдарламасының қатарына енді.

Үздік бестіктің қатарында біздің 13 БББ бар.

Үздік ондықта – 30 БББ.

Baitursynuly University ұжымын жоғары көрсеткіштерімен құттықтаймыз!

Фото с сайта atameken.kz

Қабылдау комиссиясы