Ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Францияның Қазақстандағы елшісі Сильвен Гиоге, сондай-ақ екі елдің академиялық қауымдастығы мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қонақтар қатарында Baitursynuly University педагогикалық институтының шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы Гүлнар Жанбуршинова болды. Бұл университеттің халықаралық ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысатынын айғақтайды.
«Lumière» қорының негізгі миссиясы – Франция мен Қазақстан университеттері мен бизнес құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты алаңын қалыптастыру.
Қор академиялық ұтқырлықты дамытуға, білім беру бағдарламаларын қолдауға және жаһандық экономикада сұранысқа ие жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Тәжірибе алмасу, инновацияларды енгізу және ғылыми байланыстарды кеңейтуге ерекше мән беріледі.
Франция мен Baitursynuly University арасындағы ынтымақтастықтың тарихы терең. Ол 2004 жылдан бастау алады.
Сол кезде Франция Елшілігінің қолдауымен университетте Француз орталығы ашылып, University of Perpignan Via Domitia университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім бүгінгі күнге дейін табысты жүзеге асырылып келеді.
Осы жылдар ішінде университеттің шамамен 40 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында Францияда білім алды.
Ал француз тілі оқытушылары шетелде тұрақты түрде біліктілігін арттырып келеді, бұл өз кезегінде университеттің халықаралық әлеуетін нығайтады.
«Lumière» қорының ашылуы – көпжылдық серіктестіктің заңды жалғасы, әрі екі елдің студенттері, оқытушылары мен ғылыми қауымдастығы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды қадам.


