Ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын дәстүр

Бүгін ҚӨУ әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының студенттері мен оқытушылары Наурыз мейрамын Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық мемориалдық музейде атап өтті.

Үшінші жыл қатарынан кафедра мен музей осы маңызды мәдени шараны бірлесіп ұйымдастырып келеді.

Іс-шара дәстүр мен бүгінгі заманның үйлесімді үндестігі атмосферасында өтті. Мереке аясында қатысушылар қазақ халқының бай мәдени мұрасымен, салт-дәстүрлерімен және әдет-ғұрыптарымен танысты. Студенттер «құда түсу» мен «беташар» дәстүрлерін сахналық қойылым арқылы көрсетіп, шығармашылық нөмірлер ұсынды.

Ерекше қызығушылық тудырған ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар – «арқан тартыс», «асық ату» және «қол күрес» – студенттер мен оқытушыларды біріктіріп, ерекше серпін сыйлады.Мерекенің құрметті қонақтары «Дәстүрге жол – қазақ аналары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері – Злиха апа, Ақсұлу апа және Тыным апа болды. Злиха апа наурыз көже дайындаудың қыр-сырымен бөліссе, Ақсұлу апа мен Тыным апа домбырамен халық әндерін орындап, жылы әрі әсерлі көңіл күй сыйлады.

Кафедраның қауымдастырылған профессоры Қалқаман Жақып Қыдыр ата бейнесінде қонақ болып, жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ақ батасын берді.

Мереке ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. Қатысушылар ұлттық дәстүрлерді сақтау мен оны жастарға жеткізудің маңыздылығын атап өтіп, Наурыздың жаңару, ізгілік пен бірліктің символы екенін ерекше атап өтті.

Қабылдау комиссиясы