Университет соңғы курс студенттері мен өңірдің жетекші ұйымдарының өкілдерін бір алаңға жинады. Ұйым өкілдері бүгінгі күні өзекті бос жұмыс орындарымен таныстырды.
Іс-шараның мақсаты – жұмыс берушілермен серіктестікті дамыту, түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ету және тәжірибеге бағытталған кадр даярлау үрдісін нығайту.
Өңірдің 80-ге жуық жетекші компаниялары өз вакансияларын ұсынды. Бұл қатарда аграрлық кәсіпорындар, машина жасау зауыттары, банктер, бұқаралық ақпарат құралдары мен IT-компаниялар және мемлекеттік құрылымдар бар.
Жұмыс берушілер өзекті бос жұмыс орындарымен таныстырып, тағылымдамадан өту бағдарламалары мен мансаптық мүмкіндіктер туралы баяндады.
Іс-шараның ашылуында ҚӨУ-нің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева: «Университеттің миссиясы – ғылымды, білімді және өндірісті біріктіретін өңірдің интеллектуалдық тірегі болу»,-деді.
Сондай-ақ ол болашақ түлектер үшін кәсіби жолды саналы түрде таңдаудың маңыздылығына тоқталды.
Бүгінде өңірде автокөлік саласы қарқынды дамып келеді. Бұл автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, сонымен қатар машина жасау мамандарына сұранысты арттыруда.
Мәселен, «Ростсельмаш» сервистік орталығы инженерлер мен машина жасаушы мамандарға 7 бос жұмыс орнын ұсынды.
Орталықтың HR-басшысы Сельби Калачеваның айтуынша, өткен жылы ҚӨУ-дың алты студенті орталықта тәжірибеден өтіп, олардың бесеуі жұмысқа қабылданған.
Жұмыс берушілер ҚӨУ түлектерінің дайындық деңгейін жоғары бағалады.
Baitursynuly University-дің стратегиялық серіктесі – Allur автомобиль компаниясы да біздің студенттерге бос жұмыс орындарын ұсынды.
Қазіргі уақытта компанияға сегіз қызметкер керек екен.
Алайда олар барлық ниет білдіруші студенттердің түйіндемелерін қабылдады.
Компания өкілдері жаңа бос орындар пайда болған жағдайда үміткерлермен байланысқа шығатынын айтты.
Сонымен қатар, студенттер кәсіпорындарда өндірістік және диплом алдындағы тәжірибеден өту жөнінде келісімдер жасасты.
Career Connect – 2026 аясында «Қостанай облысының жаңа мамандықтары мен құзыреттер атласы» таныстырылды.
Бұл құжат өңір экономикасының үш негізгі секторын қамтиды: ауыл шаруашылығы, машина жасау және құрылыс. Аталған салаларда цифрлық және автоматтандырылған шешімдерді енгізу нәтижесінде құрылымдық өзгерістер орын алуда.
Өндірістік процестерде жасанды интеллект пен цифрлық егіздерді қолдану еңбек нарығын трансформациялап, жаңа технологиялық трендтерді қалыптастыруда.
Мансап күні студенттерді еңбек нарығы талаптарымен таныстырудың тиімді алаңына айналып, университеттің жұмыс берушілермен және басқа да стейкхолдерлермен өзара серіктестігінің маңызды тетігі болды.


















