Екі дипломдық бағдарламаға күшті ҚОСЫМША
Осы оқу жылынан бастап ҚӨУ-дің машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінің бағдарламалық қамтамасыз ету кафедрасына тәжірибелі аға оқытушы Deokjae Lee қосылды.
Бұл кафедра үшін үлкен жетістік, себебі дәл осы кафедрада біздің «Computer Science» екі дипломдық бағдарламасының студенттері білім алады.
Айта кетейік, осы бағдарлама бойынша оқуын сәтті аяқтаған студенттер екі диплом алады – ҚӨУ және АҚШ-тағы University of Minnesota Morris университетінен. Оқуларының бір жылын АҚШ-та өткізуге мүмкіндік бар!
Сондықтан студенттердің ағылшын тілі мен мамандық бойынша дағдыларына ерекше көңіл бөлінеді.
Олар тек ҚӨУ ұсынған тегін курстармен шектелмейді: мысалы, Deokjae Lee өз пәнін ағылшынша оқытады.
IT – бұл мұғалім үшін тек кәсіби сала ғана емес, өмірінің басты ісі.
ОТБАСЫЛЫҚ ШЕШІМ
Deokjae Lee Қазақстанға былтыр келді. Бұл шешім отбасы жағдайымен байланысты: жұбайы – біздің елдің азаматы. Кореяда он жылға жуық өмір сүрген отбасы өмір ырғағын өзгертуге бел буды.
– Сеул – мүмкіндіктерге толы қала, бірақ үнемі стресс аласың. Барлығы өте жылдам, бәсекелестік пен қысым көп, – дейді ұстаз. – Сонымен қатар корей мәдениеті күрделі: қатаң иерархия, көптеген жасырын ережелер бар. Шетелдіктерге әсіресе қиын.
Ал Қазақстанда бәрі жеңіл әрі жайлы. Мұнда өмір сүру және адамдармен араласу оңайырақ.
Бастапқыда Астанаға көшу ойда болды, бірақ қала тым қарқынды болып көрінгендіктен, олар Қостанай облысын таңдады. Рудный – жұбайының туған қаласы.
– Мұнда жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы тепе-теңдікті табуға мүмкіндік бар, – дейді Deokjae Lee. – 2025 жылғы сәуірде тұруға ықтиярхатқа өтініш бердім, содан кейін Кореяға барып барлық істерді аяқтадым. 21 тамызда толықтай Қазақстанға көшіп келдім.
Алғашында университетте жұмыс істеу ойда болмаған. Дегенмен магистрлік дәрежем мен он жылдан астам IT пәндерін Кореяда оқытқан тәжірибем шешуші рөл атқарды.
Университетке хабарласып, оң жауап алған соң, 2025 жылғы қыркүйектен бастап ҚӨУ-де қызметімді бастадым.
ҚӨУ СТУДЕНТТЕРІ ҚАНДАЙ?
Бүгінде Deokjae Lee тек дәріс оқып қана қоймай, өзінің халықаралық тәжірибесімен бөлісіп жүрген ерекше ұстаз. Ол біздің студенттердің білімге деген құштарлығына тәнті болғанын жасырмайды.
– Кореяда студенттердің оқуға деген қызығушылығы уақыт өте келе бәсеңдеп жатады. Ал мұндағы жастардың көзінде от бар, олар өте жауапты әрі зейінді.
Басында сабақтың екі тілде өтетіні мені аздап алаңдатты.
Бірақ студенттердің белсенділігі сонша, тілдік кедергілерді байқамай да қалдым. Олар үшін қос тілде білім алу түкте емес екен.
Педагог екі елдің білім беру жүйесіндегі айырмашылықтарды да атап өтті. Оңтүстік Кореяда студенттер презентация жасауға және топтық жобаларға машықтанған. Ал Қазақстанда академиялық жазбаша жұмыстарға басымдық беріледі.
– Ең үздік нәтиже – теориялық білімді практикада қолдана білу. ҚӨУ-дің осы бағытта дамып келе жатқаны қуантады, – дейді Deokjae Lee.
ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ
Соңында Deokjae Lee студенттерге тым қатал талап қоймайтынын жеткізді.
– Студенттік шақ тек білім алумен шектелмейді, бұл – үлкен өмір мектебі. Дәл осы кезеңде болашағыңыздың негізі қаланады. Сондықтан үнемі ізденіп, дамып, қиындықтардан жасқанбау керек. Егер студенттердің бойында талпыныс пен алға басуға деген құштарлық болса, мен де оларға сапалы білім беруге барымды саламын.

