Ғылым мен бизнес арасындағы диалог

Литва университетінің профессоры ҚӨУ-де қостанайлық кәсіпкерлерге кеңес береді.

Baitursynuly University дәстүрлі университеттік форматтан шығып, жаһандық ғылыми қауымдастықтың бір бөлігіне айналуда. Биылғы оқу жылының өзінде университет Литва, Түркия, Словакия, АҚШ және Польшадан он шетелдік ғалымды қабылдады. Қостанай университетінде Оңтүстік Корея мен Америкадан келген оқытушылар жұмыс істейді.

​Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ жоғары сұранысқа ие кәсіби бағыттар бойынша ондаған шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Академиялық ұтқырлық студенттерге бірегей тәжірибе береді, олардың тілдік дағдыларын жақсартады және бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Ұлы Витаутас университетінің (Литва қ.) профессоры, ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі сарапшы Влада Витунске бірнеше жылдан бері ҚӨУ-мен белсенді жұмыс істеп келеді. Бұған дейін профессор Литва Президентінің кеңесшісі қызметін атқарған және аймақтық дамуда үлкен тәжірибесі бар. Ол Қостанайға айналмалы экономиканы іске қосу жобасымен келген.

- Бұл оқулықтағы абстрактілі ұғым емес, - дейді профессор, - аймақтардың тұрақты дамуына, ресурстарды ұтымды пайдалануға және бәсекеге қабілетті болып қалуға көмектесетін нақты және қазірдің өзінде жұмыс істейтін құрал.

Сарапшы Қостанай облысындағы бірнеше ірі кәсіпорындарды аралап, ҚӨУ-нің экономика және құқық факультетінің оқытушыларымен, студенттерімен белсенді жұмыс жасады. Профессор ол үшін тек тәжірибе алмасу ғана емес, өңірді, оның экономикасын, экологиясын, әлеуметтік жағдайын зерттеу де маңызды екенін айтады.

- Бұл сапар мен үшін өзара білім алмасу процесі болды, - деп атап өтті Влада Витунске. – Ауыл шаруашылығы техникаларын, жеңіл және жүк көліктерін шығаратын зауыттарды, сондай-ақ «Қостанай минералдары» кәсіпорнын араладым. Айналмалы экономиканың көптеген элементтері мұнда бұрыннан қолданылған екен. Бүгін бұл тәсілдер жүйелі әрі саналы сипатқа ие болды.

Осы аптада шетелдік ғалым Қостанай облысындағы ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті. Профессор «Айналмалы экономика принциптерін өндірісте қолдану: бизнес шешімдерінің бағыттары, артықшылықтары және мысалдары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде негізгі баяндамашы болды.

Профессор Витунске презентациясының негізгі тақырыбы ЕО Бірыңғай ауылшаруашылық саясаты экосхемасы арқылы Литваның аграрлық секторына айналмалы экономика принциптерін енгізу болды.

Кездесу ғылым, бизнес және білім арасындағы шынайы диалог алаңына айналды, онда аймақтың тұрақты дамуының практикалық шешімдері талқыланды. ҚӨУ студенттері мен оқытушылары да өз ойларын ортаға салып, белсенділік танытты.

Baitursynuly University сапалы білімге, ғылымға және тұрақты дамуға баса назар аудара отырып, жаһандық академиялық ынтымақтастыққа сенімді қадам жасауда, сондай-ақ жастарды халықаралық деңгейдегі белсенді диалогқа шақырады.

Қабылдау комиссиясы