Baitursynuly University-дің экономика және құқық факультетінің 4 курс студенттері Литвада білім алуда.
ҚӨУ мен Витовт Великий университеті (Каунас қ., Литва) бірге 6В04103 «Есеп және аудит» бағытында екі дипломдық бағдарламаны жүзеге асырып отыр.
Бұл бағдарлама болашақ есеп және аудит мамандарына жаңа мүмкіндіктер ашып, теорияны халықаралық деңгейдегі тәжірибемен біріктіруде.
Студенттеріміз шетелдегі оқу тәжірибесімен бөлісті.
«Оқу ағылшын тілінде. Студенттердің өз бетімен жұмыс істеуіне көп көңіл бөлінеді. Мұнда оқытушылар тек лекция оқып қоймай, бағыт береді, талдау мен зерттеу тапсырмаларын береді.
Қазақстаннан, Еуропадан, Африкадан, Америкадан келген студенттермен тез достасып кеттім. Бірге Каунасты аралап, қаланың әсем көрінісін тамашалаймыз. Мерекелерді бірге атап өтеміз. Жатақханадағы көршім Үндістаннан. Ол елі туралы айтып, мен тыңдап, қызығамын», – дейді Ақансері Ещан.
Томирис Раисова есімді студент те әсерімен бөлісті.
«Маған мұнда оқу процесінде практикалық сабақтарға және топтық жобаларға ерекше көңіл бөлінетіні ұнайды. Бұл біздің мамандықтың нәзік тұстарын жақсы түсінуге көмектеседі.
Университеттің атмосферасы халықаралық деңгейде. Түрлі елден келген студенттер тәжірибелерімен бөліседі, сондықтан оқу одан да қызық әрі әсерлі.
Бос уақыттарда Қазақстаннан келген достарыммен жиналып серуендейміз. Жатақханам өте ыңғайлы, көршім Камеруннан келген қыз.
Жалпы, бұл уақыт мен үшін ұмытылмас кезең болмақ. ҚӨУ-ге осындай мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз!»