Түркістан облысының делегациясы ҚӨУ-нің студенттерімен кездесті.
Университетке Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» басшысы мен аудандық орталықтардың өкілдері келді.
Олардың мақсаты – «Серпін-2050» мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттердің қалай оқып жатқанын білу.
Қонақтарды студенттердің жағдайы, алған білім деңгейі, түлектердің болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері қызықтырды.
Бүгінде ҚӨУ-де «Серпін» бағдарламасы бойынша 222 студент білім алып жатыр. Олардың жартысынан көбі, 124 студент Түркістан облысынан.
Кездесу барысында студенттер өңіріміздегі өмірден, оқу үрдісінен алған әсерлерімен белсенді түрде бөлісті.
Көбіне Қостанай өңірі ұнайды екен, кейінгі өмірін біздің аймақпен байланыстырып, жұмысқа қалуға ниетті жастар көп.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» басшысы Ернар Бектаев:
«Серпін бағдарламасы сіздерге жақсы мүмкіндік береді. Дамыңыздар, білім алыңыздар, ғылыммен айналысыңыздар. Қостанай облысында қалуға әрекет жасаңыздар, өңірдің дамуына үлес қосыңыздар»,-деп жерлестеріне ақыл-кеңес айтты.
Түркістандық қонақтар университеттің кәсіби бағдар беру жұмысына да қол ұшын беретінін мәлімдеді.
Сондай-ақ жастар саясаты саласындағы бірлескен жобалар мен іс-шараларды қолдауға және жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды.
Құжатта жастардың зияткерлік, шығармашылық және кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған бірлескен семинар, тренингтер, конференциялар, форумдар өткізу көзделген.









