Жаңа жыл қарсаңында ҚӨУ-дің Король Седжон атындағы институтында мереке.
Қысқы семестрді аяқтаған түлектерге арнайы сертификаттар табысталды. Бұл құжаттар олардың келесі деңгейге өтуге дайын екенін көрсетеді.
Айта кетейік, институт атауы Чосон әулеті тұсында Корея түбегін басқарған төртінші билеуші – Ұлы Седжон патшаның құрметіне берілген. Дәл осы тұлға 1446 жылы корей әліпбиі – хангыльді дүниеге әкелген.
ҚӨУ-дегі институт филиалы 2024 жылы Оңтүстік Кореяның Dong-Eui университетімен серіктестік аясында ашылды. Негізгі мақсаты – корей тілін үйрету және корей мәдениетімен таныстыру.
Қысқы семестр студенттер үшін оңай болған жоқ: емтихан тапсыру үшін кемінде 70 сабаққа қатысып, қорытынды сынақтан 60 пайыздан жоғары нәтиже көрсету қажет болды. Жүзге жуық тыңдаушының 69-ы ғана финалға жетсе, 46 студент тапсырманы сәтті орындап, жоғары нәтиже көрсетті.
Олардың арасындағы бес үздік студент көктемде Кореяға оқуға жол тартады!
Сондай-ақ Fulbright бағдарламасы бойынша келген америкалық ассистент Александр Дворниковский емтиханда үздік нәтиже көрсетіп, салтанатты рәсімді шағын концертке айналдырды. Ол көпшілік алдында корей тілінде ән орындап, көрермендерді тәнті етті.
ҚӨУ базасында корей тілін меңгеру костанайлықтар үшін жеке даму мен мансаптық өсудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Университет студенттері үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Dong-Eui University-мен бірлескен қос дипломды бағдарлама («Автокөлік өнеркәсібі инжинирингі») бойынша білім алып жүрген ҚӨУ студенттері де корей тілінен емтихандарды жеңіл тапсырып, болашағы зор жұмыс орындарына шақырту алып жатыр.
– Биыл 46 студент емтиханды сәтті тапсырды. Бұл өткен семестрмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Алдағы семестрде жаңа оқытушының келуіне байланысты оқу топтарының саны артып, емтихан мен сертификаттау форматы миграциялық талаптарға сай өзгертіледі. Болашақта институт ресми тестілеу орталығы мәртебесін алуы да мүмкін, - деді Король Седжон атындағы институттың директоры Нагима Манасбаева.


















