ПСИХОЛОГ – аса қажетті мамандық

Baitursynuly University-де ҚӨУ-нің психология кафедрасы түлектері қауымдастығының қатысуымен «Психологияның даму перспективалары: нормативтер мен құзыреттер» тақырыбында форум өтті.

Форумның мақсаты – кәсіби психологияны насихаттау, студенттердің әр буыны арасында тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстарды дамыту және нығайту, сондай-ақ түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ету.

Кездесуді ҚӨУ-нің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің психология кафедрасы ұйымдастырды.
Іс-шара кафедра оқытушыларын, студенттерді және оқу орны түлектерін, тәжірибелі психологтарды біріктірді.

Біздің түлектердің кәсіби жетістіктері психолог мамандығының бүгінгі күні түрлі салаларда жоғары сұранысқа ие екенін айқын дәлелдейді.

Шақырылған қонақтардың қатарында Ақмола облысы Гастелло ауылы мектебінің педагог-психологы Аслан Манатов болды. Ол білім беру саласындағы психолог жұмысы, балалар арасындағы буллинг мәселесі және оның алдын алу мен көмек көрсету әдістері туралы айтып берді.

Қостанай облысы бойынша Апаттар медицинасы орталығының психологы Жанар Семенова мен әскери психолог Мади Нұрмұханов мемлекеттік құрылымдардағы және қарулы күштердегі психологтардың жұмыс ерекшеліктерімен бөлісті. Олардың қызмет ауқымына қызметкерлерді диагностикалау, кадрларды іріктеу, социологиялық зерттеулер жүргізу және қызметкерлерге психологиялық кеңес беру кіреді.

Сонымен қатар бизнес саласында жұмыс істейтін мамандар да сөз сөйледі. Бұл бағытта психология маркетингпен және тұтынушылардың мінез-құлқын зерттеумен тығыз байланысты: олардың қажеттіліктері, мотивациясы және шешім қабылдауға әсер ететін факторлар қарастырылады.

Жеке психолог Татьяна Щербинина жеке тәжірибенің ерекшеліктері туралы айтты. Бұл саладағы мамандар жеке кеңес беру, отбасылық терапия және топтық тренингтер өткізеді. Олардың жұмысы эмоционалдық, тұлғалық және тұлғааралық мәселелерді шешуге, сондай-ақ клиенттердің психологиялық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
ҚӨУ түлегі жеке психологтар үшін жеке терапия мен супервизияның маңызы ерекше екенін атап өтті, өйткені бұл мамандық адамдардың психологиялық жағдайына байланысты болғандықтан үлкен жауапкершілік жүктейді.

Психология кафедрасының аға оқытушысы Олеся Ельчищева студенттердің назарын психологтың мамандығы үздіксіз даму мен оқуды талап ететініне аударды. Оның айтуынша, мамандар біліктілігін үнемі арттырып, кәсіби дағдыларын жетілдіріп отыруы қажет.

Форум сарапшылары болашақ психологтарды кәсіби құзыреттерін белсенді дамытуға және этикалық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.

Қабылдау комиссиясы