Түлектерді жұмыспен қамту – №1 мәселе

ҚӨУ-нің ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің ветеринариялық медицина кафедрасында жұмыс берушілермен кездесу өтті.

Әдістемелік инновациялар айлығы аясында оқытушылар, студенттер және жұмыс берушілер дөңгелек үстел форматында пікір алмасты.

Іс-шараның мақсаты – ветеринариялық мамандық түлектерін жұмыспен қамту мәселесінің өзекті тұстарын талқылау, сұранысқа ие кәсіби құзыреттерді айқындау, сондай-ақ университет пен өңірдегі жұмыс берушілер арасындағы өзара байланысты нығайту.

Талқылауға Қостанай облысының мемлекеттік органдары мен жекеменшік ветеринариялық секторының өкілдері белсенді қатысты: ҚР АШМ ВБжҚК Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы Жаңыл Рахимова, Қостанай облысы ветеринария басқармасының әкімшілік бөлімінің басшысы Айгүл Нұрлымбаева, Республикалық ветеринариялық зертхананың Қостанай облыстық филиалының сынама қабылдау бөлімінің басшысы Ольга Поросян, «Айболит» ветеринариялық клиникасының директоры Александр Утятников, «Догма» ветеринариялық клиникалар желісінің басшысы Максим Падерин.

Кездесу барысында жұмыс берушілердің түлектерге қоятын талаптары, жас мамандардың кәсіби бейімделуі және одан әрі ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Студенттердің практикалық даярлығына және кәсіби қызметті сәтті бастап кетуіне қажетті дағдыларды қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстел конструктивті диалогқа арналған тиімді алаңға айналды. Соңғы курс студенттері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби байланыстар орнатты, жұмысқа орналасу перспективаларын талқылауға мүмкіндік алды.

Қабылдау комиссиясы