Baitursynuly University магистранты Жанерке Қулахметова қазір Қытайда білімін жалғастырып жүр. Ол қос диплом бағдарламасы бойынша Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде (NWAFU) «Агрономия» мамандығын меңгеруде.
Жанерке шетелдегі студенттік өмірімен бөлісті.
АЛҒАШҚЫ ӘСЕР
– Қытайдағы оқу кезеңі мен үшін шын мәнінде ерекше тәжірибе. Академиялық тұрғыдан да, мәдени тұрғыдан да жаңа білім мен белестерге толы уақыт десем, қателеспеймін.
Алғашқы күннен-ақ NWAFU университетінің оқу үдерісін ұйымдастыру деңгейі мен кампус мүмкіндіктері тәнті етті. Сабақтар мен зертханалық жұмыстарды кәсіби мамандары жүргізеді. Мысалы, профессор Шан Вейсиннің дәрістері өсімдіктердің молекулалық биологиясы, генетикасы мен биотехнологиясын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Ең бастысы – теория әрдайым тәжірибемен ұштасып, заманауи зертханаларда нақты жұмыстар атқарылады.
ЕСТЕ ҚАЛҒАН КҮН
–Ең әсерлі күндердің бірі – Ұлттық ауылшаруашылық дақылдарының төзімділігін зерттейтін жетекші зертханада тәжірибелік жұмыстарды бастаған сәт еді. Әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту бағытында еңбек етіп жатқан осындай мықты ғылыми ұжымның бір бөлігі болу – мен үшін зор мәртебе әрі баға жетпес тәжірибе. Мұнда теориялық білімімді тереңдетіп қана қоймай, болашақ кәсіби жолыма қажет нақты дағдыларды меңгердім.
АТМОСФЕРА
– Янлин ғылыми қалашығының өмірі ерекше. Қытайдың «аграрлық астанасы» атануы да тегін емес. Табиғат пен ғылымның үйлесімі, тарих пен заманауилықтың тоғысуы – бәрі осы жерде сезіледі. Университетке шетелдік студенттер үшін өте жайлы жағдай жасап, Шэньси өлкесінің бай мәдениеті мен дәстүрлерін жақыннан тануға мүмкіндік бергендеріне алғыс айтамын.
АЛҒЫС
-Осындай мүмкіндік сыйлаған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ басшылығына алғысым шексіз. Қос диплом бағдарламасы арқылы мен кәсіби көкжиегімді кеңейтіп, түрлі елдің ғалымдарымен және студенттерімен таныстым. Ең бастысы – қазіргі аграрлық ғылымның өзекті мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарай бастадым.
Оқуым әлі жалғасып жатыр, бірақ мен қазірдің өзінде бұл сапардың өмірімдегі маңызды белес екенін сезінудемін. Қытайда алған білім мен тәжірибе болашақта екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік береді деп сенемін.