Бүгін ҚӨУ-де ерекше күн! Корей тілі курстарының жазғы семестрін аяқтаған түлектерге Король Сечжон атындағы Институттың сертификаттары табысталды.
Бұл Институттың Қостанайда ашылуы Baitursynuly University мен Оңтүстік Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Dong-Eui University арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі болды. Институт ашылған сәттен бастап белсенді жұмыс істеп, қостанайлықтарға корей тілін тегін оқуға және Корея мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік беріп келеді.
Айта кететін жайт, ҚӨУ мен Dong-Eui арасындағы тығыз әріптестік арқасында Қостанайдағы KIA зауытына қажетті мамандарды даярлауға бағытталған «Автомобиль инженериясы» мамандығы бойынша қос диплом бағдарламасы әзірленген. 2023 жылы осы бағдарлама аясында 12 студент Кореяға академиялық ұтқырлықпен оқуға барып, бүгінде KIA командасының бір бөлігі ретінде табысты жұмыс істеуде.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов түлектерді құттықтай отырып былай деді:
«Корей тілін меңгеру – жаңа мүмкіндіктердің есігін ашады. Бұл тіл сіздерге халықаралық жобаларға қатысуға, жетекші компанияларда жұмыс істеуге және өзге мәдениеттермен еркін қарым-қатынас орнатуға жол береді. Осындай бағдарламалардың біздің өңірде жүзеге асырылып жатқаны – үлкен мақтаныш. ҚӨУ түлектерінің KIA зауытында еңбек етуі – білімнің ел экономикасына нақты пайда әкеліп жатқанын көрсететін жарқын мысал».
Baitursynuly University ректоры Сейтбек Қуанышбаев өз сөзінде:
«ҚӨУ-дің басты мақсаты – тек білім беру ғана емес, сонымен қатар студенттерді халықаралық деңгейде жұмыс істеуге даярлау. Тіл – өзара түсіністіктің кілті, ал түсіністік – жаңа мүмкіндіктер мен көкжиектерге бастар жол. Түлектерге бір орында тұрмай, үнемі даму үстінде болыңыздар деп тілегім келеді», – деді.
Салтанатты жиын тек сертификаттар табыстаумен шектеліп қалмай, ерекше тосын сыймен жалғасын тапты. Қазіргі таңда академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Кореяда білім алып жүрген КРУ студенті Санжар Сапаровтың бейнеқұттықтауы көрсетілді. Ол өз сөзінде:
«Шетелде оқу мүмкіндігін сыйлаған ҚӨУ-ге алғысым шексіз. Кореяда университетіміздің атын шығарып жүргеніме мақтанамын. Ұстаздарыма берген білімдері мен қолдаулары үшін, арманыма жол ашқаны үшін ризашылығымды білдіремін», – деді.
Бұл жүрекжарды лебіз көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.
Курс оқытушылары Ли Чжонми мен Ли Чихун студенттерінің жетістіктеріне қуанышты екендерін жеткізіп, олардың білім деңгейі мен өз күшіне деген сенімі артып, нәтижелерінің айтарлықтай жақсарғанын атап өтті.
Құрметті түлектер, сіздерді шын жүректен құттықтаймыз!