ЖИ мектеп оқушыларына көмек көрсетеді: ҚӨУ-де «AI-Кәсіптік бағдар беруші» іске қосылды

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «AI-Кәсіптік бағдар беруші» ЖИ-агенті көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл – мектеп оқушыларына болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесетін инновациялық цифрлық құрал. Әзірлеме жасанды интеллект негізінде құрылған заманауи кәсіптік бағдар берудің шешімі және бірнеше дәлелденген әдістемені біртұтас жүйеде біріктіреді.

 Жоба AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында ҚӨУ-нің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бөлімі мамандарының инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау орталығымен бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды. Бұл қадам университеттің білім беру ортасына заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің стратегиялық бағытын айқындайды.

Жаңа буынның кәсіптік бағдары: интуициядан саналы таңдауға

Кәсіби тұрғыда өз қызығушылығы мен қажеттілігін анықтау мәселесі – жасөспірімдер үшін әлі де ең күрделі тақырыптардың бірі. Көбінесе мамандық таңдау сыртқы факторлардың – отбасының, қоршаған ортаның немесе кездейсоқ жағдайлардың ықпалымен қалыптасады. «AI-Кәсіптік бағдар беруші» ЖИ-агенті мектеп оқушыларына бұл таңдауды неғұрлым салмақты, әрі саналы түрде жасауға көмектесу мақсатында әзірленді.

Жобаны пилоттық енгізу С. Мауленов атындағы Қостанай гимназиясынан бастау алды. Мұнда жоғары сынып оқушылары жасанды интеллектті қолдану арқылы кәсіптік бағдарлау тестілеуінен алғашқылардың бірі болып өтті.

ҚӨУ-нің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бөлімі басшысы Қалыбек Мауленов жобаның идеясы мектеп оқушыларының нақты қажеттіліктерінен туындағанын айтады:

- Тәжірибе көрсеткендей, 25 оқушының тек 5–6-сы ғана болашақта кім болғысы келетінін нақты біледі. Қалғандары ізденіс үстінде. Біз жасанды интеллекттің әлеуетін пайдалана отырып, мектеп оқушыларына мамандық таңдау мәселесіне барынша саналы түрде келуге көмектесуді жөн көрдік.

«AI-Кәсіптік бағдар беруші» ЖИ-агенті қалай жұмыс істейді

Жүйе бұрын жеке-жеке қолданылып келген бес психологиялық және кәсіптік бағдарлау әдістемесінен тұратын кешен негізінде жұмыс жасайды. Олардың барлығы цифрлық форматқа бейімделіп, біртұтас зияткерлік талдау моделіне біріктірілген.

Әрбір тест 20-дан 174-ке дейінгі сұрақтарды қамтиды. Негізгі әдістеме қосымша әдістермен толықтырылып, нәтижесінде барынша дәл, әрі объективті көрініс қалыптасады. Әр кезеңнің қорытындысы бойынша аралық нәтиже жасалып, ал түпкілікті қорытынды барлық деректердің кешенді талдауы негізінде құрылады.

Жобаның басты артықшылықтарының бірі – жеделдігі. 500-ден астам интерпретация нұсқасын қамтитын кіріктірілген базаның арқасында жасанды интеллект нәтижені тез-ақ қалыптастырады.

Қосымша әдістемелер адамның күшті жақтарын, қабілеттерін және әлеуетті даму аймақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде пайдаланушы тек мамандықтардың тізімін емес, өзінің жеке ерекшеліктерін көрсететін кеңейтілген кәсіптік бағдарлау портретін алады.

Сондай-ақ ЖИ-агентінің маңызды артықшылығы – барлық ресурстар мен құралдардың тегін, жасырын шарттарсыз және жазылымсыз ұсынылуы.

Жасанды интеллект – адамды алмастырмайды, тек көмекші

ҚӨУ-нің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева жобаның басты мақсаты тұтас, әрі түсінікті кәсіптік бағдарлау жүйесін құру болғанын атап өтті:

- Сапалы әдістемелер көп, алайда олар көбіне жеке-жеке және ақылы негізде қолданылады. Біз оларды бір цифрлық платформада біріктіріп, жасанды интеллекттің көмегімен кешенді кәсіптік бағдарлауды қолжетімді еттік.

Жүйе 29-дан астам бағалау параметрлері мен кәсіби бағыттарды қамтиды. Тестілеуден өту процесі орта есеппен шамамен бір сағатқа созылады және мектеп оқушысы үшін ыңғайлы қарқында өтеді. Нәтиже жұмыс аяқталған бойда қалыптасады.

Бұл жағдайда жасанды интеллект психологтың немесе педагогтың жұмысын алмастырмайды, керісінше оны толықтырып, уақытты үнемдеуге және объективті талданған ақпарат ұсынуға көмектеседі.

Технология таңдауыңызды растағанда

Пилоттық жобаға алғаш қатысқан мектеп оқушылары жаңа құралдың практикалық пайдасын атап өтті.

10 «А» сынып оқушысы Амина Манарбекова тестілеу нәтижелері өзіне алдағы мақсаттарын айқындауға көмектескенін айтты:

- Қорытынды бойынша маған педагогика саласы сәйкес келді. Мен бұл бағытты бұрыннан қарастырып жүрген едім, сондықтан өз таңдауымның расталғанын көру маңызды болды.

Параллель сыныптың оқушысы Әліби Әлімбаев та ЖИ-агентінің бұрын қабылдаған шешімінің дұрыстығына көз жеткізуге көмектескенін атап өтті:

- Басынан-ақ инженерлік бағытқа түсуді жоспарлағанмын, тест те алған бағытымды растады. Тестілеуден өту қиын болған жоқ, ал нәтиже түсінікті,тәрі логикалық тұрғыда дәл шықты.

Саналы болашаққа жасалған қадам

Қостанайдағы «AI-Кәсіптік бағдар беруші» жобасы пилоттық форматта жүзеге асырылып жатыр, алайда қазірдің өзінде жоғары тиімділігін көрсетті. Нәтижесі өңдеу мен түсіндіруге көп уақытты қажет ететін дәстүрлі кәсіптік бағдарлау түрлерімен салыстырғанда, бұл жүйеде ұсыныстар жедел, әрі ыңғайлы форматта қалыптастырылады.

«AI-Кәсіптік бағдар беруші» ЖИ-агенті – мектеп оқушыларына мамандықты саналы түрде таңдауға, сондай-ақ болашақ білім мен мансаптың жеке траекториясын қалыптастыруға көмектесетін заманауи цифрлық құрал.

Жаңа ЖИ-агент Telegram платформасында қазақ және орыс тілдерінде тегін жұмыс істейді: @UniCareerKzBot, @UniCareerBot

Қабылдау комиссиясы