33 беттік еңбек пен лайықты ҚОЛА ЖҮЛДЕ!

ҚӨУ пединститутының («Тарих» БББ) студенті Қазақстан жоғары оқу орындары студенттерінің республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында үздіктер қатарынан көрініп, 3-орынды иеленді.

Алтынай Қайыржан – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Сондықтан болар, ғылыми жетекшісі, профессор Айбек Шалғынбеков «Жаңа Есіл шебі» тақырыбын ұсынғанда, ол бірден үлкен құлшыныспен кірісіп кеткен.

Жетекші мен шәкірттің бірлескен еңбегі ауқымды зерттеуге ұласты.

«Дайындық жұмыстары бірнеше айға созылды. Ғылыми жетекшім Омбы облысының мемлекеттік архивіндегі құнды деректермен таныстырып, олардың электронды нұсқасымен жұмыс істеуді үйретті. Ал Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде көне құжаттарды өз көзіммен көріп, зерттеуші ретінде үлкен тәжірибе жинақтадым», – дейді Алтынай.

Осынау маңдай тер мен тиянақты ізденістің нәтижесі – Жаңа Есіл шебінің салыну барысы мен бекіністерін егжей-тегжейлі баяндаған 33 беттік келісті ғылыми еңбек болды.

«Бұл жеңіс мен үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш. Алда әлі бағындырар асулар көп: алдымен республикалық олимпиада, сосын дипломдық жұмыс күтіп тұр. Ал оқуды бітіргеннен кейінгі ең басты арманым – мектепте қызмет етіп, балаларға сапалы білім нәрін себу», – дейді студент.

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ! Мақтан тұтамыз!!!

Қабылдау комиссиясы