Шекарасыз агроинженерлік ғылым

Baitursynuly University аграрлық техника және көлік кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Мақсат Амантаев Қытайдағы бір жылдық ғылыми тағылымдамадан жаңа идеялармен, заманауи жабдықтармен және отандық агроинженерлік ғылымды дамытуға арналған ауқымды жоспармен оралды.

2025 жылы ғалым «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасының түлегі атанып, Chinese Academy of Agricultural Science (Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы) базасында ғылыми тағылымдамадан өтті. Зерттеушінің айтуынша, ол осы жетекші ғылыми орталыққа жіберілген қазақстандық алғашқы ғалым болды.

– Бұл мен үшін жай ғана тағылымдама емес, заманауи агроинженерияның әлемдік деңгейде қалай дамып жатқанын көруге мүмкіндік болды. Қытай бүгінде ауыл шаруашылығы технологиялары саласындағы көшбасшылардың бірі, сондықтан бұл тәжірибе мен үшін аса құнды болды, – дейді Мақсат Амантаев.

Бір айдай ғалым Бейжіңде халықаралық зерттеушілермен бірге жұмыс істеп, кейін ғылыми ізденісін Нанкин қаласында – Қытайдың агроинженерия саласындағы жетекші ғылыми орталықтарының бірі саналатын Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігіне қарасты Nanjing Institute of Agricultural Mechanization (Нанкин ауыл шаруашылығын механикаландыру институты) базасында жалғастырды.

Зерттеудің негізгі бағыты белсенді жетекті инновациялық топырақ өңдейтін және себуге арналған машиналар болды. Ғалым профессор Чан Вэньидің жетекшілігімен ауыл шаруашылығы техникаларын кешенді зерттеуге арналған арнайы эксперименттік қондырғы – топырақ каналы қондырғысын жобалап, жасап шығарды.

– Біз тек тәжірибе жүргізіп қана қоймай, техниканың жұмысын егістікке шығармай тұрып модельдедік. Динамометрия әдістерін, заманауи тензометриялық жабдықтарды және дискретті элементтер әдісімен (DEM) цифрлық модельдеуді қолдандық. Бұл зерттеулердің дәлдігін арттырып, болашақ техникалардың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді, – деп түсіндіреді ғалым.

Тағылымдама барысында Мақсат Амантаев Қытайдың оннан астам қаласында болып, ғылыми институттар мен өндірістік кәсіпорындарды аралады, ауыл шаруашылығы техникасы мен агротехнологияларды далалық сынақтан өткізу жұмыстарына қатысты. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының ірі көрмелеріне қатысты, халықаралық конференцияларда баяндама жасап, ғылыми қауымдастық алдында Қазақстан мен отандық аграрлық ғылымды таныстырды.

Ғалым үшін ерекше символдық сәттердің бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қытай – Орталық Азия» саммитінде 2026 жылды «Білім және ғылым» жылы деп жариялауы болды.

– Сол сәтте Қытайда жүріп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың және тағылымдадан өту үшін мемлекетті дұрыс таңдаудың қаншалықты маңызды екенін терең сезіндім. Бүгінде ғылымның шекарасы жоқ, ал даму тек тәжірибе алмасу мен бірлескен зерттеулер арқылы жүзеге асады.

Университетке оралғаннан кейін тағылымдамада алған тәжірибесі мен білімін оқу үрдісіне енгізді және ғылыми ізденістерін жалғастырды.
Ғалым Қытайдан әкелген эксперименттік қондырғы мен заманауи жабдықтар бүгінде ҚӨУ-де ғылыми зерттеулерде, сондай-ақ магистранттар мен докторанттарды даярлау барысында қолданылып жатыр. Сонымен қатар қытайлық профессор Джун Чен Мақсат Амантаевтың бір докторантына шетелдік ғылыми кеңесші болды.

Қазіргі таңда ғалым ғылыми жұмысын белсенді түрде жалғастыруда. Тағылымдама нәтижесінде халықаралық Q1–Q2 журналдарында 6 мақала, ҒЖБСҚҚЕСК ұсынған отандық басылымдарда 12 мақала жарияланып, ҚР-ның өнертабысына арналған 4 патент пен 2 монография дайындалды. Зерттеушінің ғылыми еңбектерінің жалпы саны жүзден асты. Оның жетекшілігімен ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру конкурсына 3 жоба өтінімі ұсынылды.

Дегенмен Мақсат Амантаев үшін ең басты нәтиже – жарияланымдар мен жаңа технологиялар ғана емес, заманауи ғылыми мектеп қалыптастыру мүмкіндігі.

– Меніңше, отандық агроинженерияның болашағы үш қағидаға негізделеді: ғылым, кадр және инновация. Дәл осы тұжырымдама Қазақстанның заманауи ауыл шаруашылығын дамытудың негізіне айналуы тиіс, – деп түйіндеді ғалым.

Қабылдау комиссиясы