Ғалымның баяндамасы «Agriculture in Kazakhstan: Education, Science and Machinery» («Қазақстандағы ауыл шаруашылығы: білім, ғылым және ауыл шаруашылығы техникасы») тақырыбына арналды. Ол Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің қазіргі жай-күйі туралы айтып, географиялық орналасуының қолайлылығы, ауқымды жер ресурстары және қолайлы топырақ-климаттық жағдайларының арқасында Солтүстік Қазақстанның астық өндірісіндегі әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Баяндама барысында Baitursynuly University-дің ғылыми-білім беру әлеуетіне және ғалымның өз ғылыми зерттеулерінің нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушыларға Қазақстанда қолданылатын заманауи топырақ өңдеу және тұқым себу техникалары, сондай-ақ инновациялық агротехнологияларды енгізу жағдайындағы оларды пайдалану перспективалары таныстырылды.
Мақсат Амантаевтың Түркиядағы сапары Tokat Gaziosmanpaşa University ұйымдастырған Visiting Scholar Program бағдарламасы аясында өтуде. Бұл – Түркияның ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Бағдарламаға Baitursynuly University ғалымдары Лилия Байжанова, Раушан Амантаева және Нұржанат Молдағалиева да қатысуда.
8 шілде мен 18 тамыз аралығында қазақстандық ғалым TOGU университетінің ауыл шаруашылығы факультетіндегі Биожүйелер инженериясы кафедрасында ғылыми тағылымдамадан өтуде. Осы кезеңде ол Түркияның аграрлық секторының ерекшеліктерін зерделеп, түрік агроинженерлік мектебінің жетістіктерімен танысып, кафедра меңгерушісі, профессор Engin Özgöz жетекшілігімен әріптестерімен тәжірибе алмасуда.
Кездесу барысында тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер мен ғылыми жарияланымдарды жүзеге асыру перспективаларын талқылады. Негізгі назар агроландшафтық егіншілік жағдайында қолданылатын топырақ өңдеу техникаларын салыстырмалы талдауға, дәл егіншілік жүйесінде интеллектуалды ауыл шаруашылығы техникалары мен агродрондарды кеңінен пайдалануға аударылды. Бұл технологиялар топырақты өңдеу кезіндегі энергия шығынын азайтып, арамшөптермен күрестің тиімділігін арттыруға және мульчалау үдерістерін басқаруды жетілдіруге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында ауыл шаруашылығы факультетінің деканы, профессор Resul Gerçekcioğlu Мақсат Амантаевқа алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар факультет пен Биожүйелер инженериясы кафедрасының өкілдері Baitursynuly University-мен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді. Басым бағыттардың қатарында бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және PhD докторанттарын бірлесіп даярлау бар.
«Түркияда да, Қазақстандағы сияқты, агроөнеркәсіптік кешен мен агроинженерия ғылымының тұрақты дамуына басымдық беріледі. Бұл ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға берік негіз қалайды», – деді Мақсат Амантаев





