Baitursynuly University магистранттары аймақтық бизнеске пайдалы экожобалар әзірледі
Аймақтық кәсіпорындармен орнатылған ынтымақтастық аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің геоэколог-магистранттары «TEHNOPARK.KZ» ЖШС үшін дайындаған жобаларымен таныстырды. Барлық ұсыныстар қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты.
ҚӨУ академиялық білім мен нақты өнеркәсіп секторын біріктіретін әдіс – жобалық оқытуды сәтті қолданады. Яғни, магистранттар абстрактілі емес, өндірістік серіктестердің нақты тапсырмаларымен жұмыс істейді.
Осы жолы «TEHNOPARK.KZ» ЖШС-мен серіктес болды. Бұл көлік қызметтері, логистика және арнайы техникаға қызмет көрсетуге маманданған аймақтағы жас, инновациялық кәсіпорын.
ЖОО-ның магистранттары «Өндіріс қалдықтардың энергиясын ұтымды пайдалану және энергияны үнемдеу» мамандығы бойынша қысқа мерзім ішінде компанияның өзекті экологиялық мәселелерін зерттеп, шешім ұсынды. Жобаларға ҚӨУ-нің тәжірибелі оқытушылары ғылыми жетекшілік жасады.
Кездесу барысында студенттер өздерінің экспресс жобаларын ұсынды.
«Қалдықтарды қайта өңдеу бағыттарын дамыту» бағыты бойынша топ желім мен майлардан пайда болған қалдықтарға аудит жүргізді, оны жүйелеудің кешенді тәсілін, қайта өңдеу әлеуетін бағалау, экономикалық және экологиялық тиімділікті ескере отырып оңтайлы қайта өңдеу технологияларын таңдауды ұсынды.
Компания қызметінің инновациялық сегментіне назар аударған магистранттар 3D басып шығару қалдықтарының ерекшеліктерін зерттеді.
Магистранттар 3D принтерден пластикті қайта өңдеу үшін жинау, сақтау және ықтимал технологиялық тізбекті ұйымдастырудың нақты алгоритмін ұсынды.
Тағы бір жоба – экструдталған полистирол көбік тақталары қалдықтарын басқару әдістерін әзірлеу.
Магистранттар танымал құрылыс және орау материалдарының қалдықтарын қайта өңдеу мәселесін зерттеді. Жобада көбікті полистиролды өңдеудің заманауи әдістеріне (механикалық, химиялық, термиялық), олардың кәсіпорын жағдайында қолданылуы және алынған өнімді бағалау бойынша талдау жасалды.
Жобалар құрамында университет пен аймақтық кәсіпорындардың өкілдері бар сараптау комиссиясына ұсынылды.
«TEHNOPARK.KZ» ЖШС-нің өкілдері қарастырылған тақырыптардың тереңдігін, ұсыныстардың тәжірибеге бағыттылығын және презентациялардың сапасын жоғары бағалады. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың тұрақты даму стратегиясы үшін таңдалған бағыттардың өзектілігі ерекше атап өтілді.
Сарапшылар тек оң баға беріп қана қоймай, ұсынылған әзірлемелерді TEHNOPARK.KZ платформасындағы пилоттық жобаларға немесе болашақ ғылыми жобалар мен магистрлік диссертацияларға негіз ретінде қарастыруды, одан әрі жетілдіруді ұсынды.
Өткізілген шаралар университет пен бизнес арасындағы тиімді әрекеттестіктің айқын көрінісі болды. Жобалық оқыту тек теориялық білімді нығайтып қана қоймай, сонымен қатар геоэкология мен тұрақты қоршаған ортаны басқарудағы нақты мәселелерді шешуге дайын мамандарды жоғарғы оқу орнында дайындап шығаруға болатынын дәлелдеді.
Baitursynuly University мен «TEHNOPARK.KZ» Қазақстанда «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған ынтымақтастықтың жаңа жолдарын ашуда.





