Қатысушылар технология мен қоғамның өзара ықпалына қатысты өзекті мәселелерді талқылады, жасанды интеллекттің этикасы мен философиясы, оның психологияға, лингвистикаға және отбасылық құндылықтарға әсерін зерттеді.
ЖИ-дің пайда болуымен кәсіби мәдениет те трансформацияға ұшырады. Жасанды интеллект адамның ойлау процессіне белсенді араласып, когнитивтік серіктестікті қалыптастыруда.
Сарапшылардың пікірінше, уақыт өте келе ЖИ пайдаланушыға бейімделеді, солай бірлескен ойлау феномені пайда болады. Сізге ойға қонымсыз естілуі мүмкін, десе де, бұл — бүгінгі күннің шындығы.
Ереван қаласындағы Месроп Маштоц атындағы университеттің доценті Егише Даштоян:
– Жүйе пайдаланушының ойлау стиліне бейімделеді. Бұл терминологияны таңдаудан, аргументация құрылымынан және жауап жанрынан көрінеді.
Өзара әрекет тарихы қалыптасып, кейінгі шешімдердің дәлдігін арттырады.
Нәтижесінде бірізді диалогтың жемісі —пайымдаудың ортақ логикасы пайда болады. Яғни, жасанды интеллект маманның зияткерлік мәдениетінің өзіндік айнасы іспеттес,- деп атап өтті.
Сонымен қатар спикер ойлаудың субъектілігін сақтаудың маңызын және ЖИ нәтижелерін сыни тұрғыда бағалау қажеттігін айтты.
ҚӨУ-дың цифрлық технологиялар және жасанды интеллект орталығының басшысы Қалыбек Мәуленов адам санасын жасанды интеллектпен алмастыру қаупі мен цифрлық мәдениетті қалыптастыру қажеттілігі туралы айтты.
Секциялық отырыстарда қатысушылар ЖИ-ді түрлі салаларда қолдану жайын талқылады, инклюзия, медиа, қылмыстық процесс, психология, сондай-ақ мәтіндерді аудару барысында қолданудың ерекшеліктері мен кемшіліктері әңгіме өзегіне айналды.
ҚӨУ-нің шетел филологиясы кафедрасының ассистент-профессоры Эльмира Никифорова цифрлық аударма бағдарламаларының артықшылықтарымен және кемшіліктерімен таныстырды. Оның айтуынша, ЖИ мәтінді орташа деңгейде аударуы мүмкін, әсіресе көркем немесе креативті мәтіндердің реңі өзгеріп, мағыналық ауытқу болуы ықтимал.
Алайда сарапшы мұндай көмекші құралдардың пайдасын жоққа шығармайды, тек нәтижені міндетті түрде тексеріп, редакциялауды ұсынды.
Екінші секцияда «Білім берудегі ЖИ: оқытушының зияткерлік ассистентін жасау» атты воркшоп өтті. Онда құзыреттілік және мансаптық өсу офисінің басшысы Тұрар Елібаев зерттеу жұмыстарында ЖИ құралдарын пайдалану тәжірибесімен бөлісті.
Конференция барысында талқыланған кадр даярлау және пәнаралық зерттеулерді дамыту тәсілдері AI-Sana ұлттық бағдарламасын нығайтуға ықпал етеді.
Мұндай академиялық кездесулер болашақ мамандарға алгоритмдерді меңгеріп қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар DeepTech жобаларын жасауға мүмкіндік беретін инновациялық экожүйенің гуманитарлық негізін қалыптастырады.
Конференция жұмысы жасанды интеллектке қатысты барлық өзекті, әрі қызықты мәселелерді қамтыды.
Қатысушылар мазмұнды, танымды бағдарлама үшін ұйымдастырушыларға — психология және бағдарламалық қамтамасыз ету кафедраларының өкілдеріне алғыс білдірді.













