Жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттары фермерге егінді сақтап қалуға қалай көмектесе алады? Бұл сұрақтың жауабын Baitursynuly University студенттері ұсынады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруларын анықтауға арналған интеллектуалды жүйе Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында таныстырылды.
Университет командасы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы перспективалы жобалар топтастырылған «AI Sana» арнайы көрмесіне қатысты. Форум аясында сарапшылар мен қатысушылар ҚӨУ студенттерінің білім беру, мәдениет және агроөнеркәсіптік кешен салаларында ЖИ-ді қолдануға бағытталған бес жобасымен танысты.
Солардың бірі – «Ақпараттық технологиялар және робототехника» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Данил Руш пен Жәңгір Сәтмырза әзірлеген өсімдік ауруларын анықтау жүйесі.
Жобаның идеясы қарапайым, әрі ауқымды: фермерге өсімдіктің ауруын мүмкіндігінше ерте анықтап, мәселенің сипатын ажыратуға және әрі қарай қандай әрекет жасау керектігі жөнінде ұсыныс алуға көмектесу.
Жүйе өсімдіктердің суреттерімен жұмыс істейді. Оларды егістік алқабын тікелей тексеру кезінде немесе ауыл шаруашылығы алқаптарының үлкен аумағын жылдам бақылауға мүмкіндік беретін дрон арқылы алуға болады.
Түсірілген суреттерді жасанды интеллект талдайды. Ол өсімдік ауруларына тән белгілерді анықтап, егістіктің ерекше назар аударуды қажет ететін учаскелерін көрсетеді.
Алайда студенттер әзірлеген жүйенің мүмкіндігі диагностикамен ғана шектелмейді.
Анықталған мәселенің негізінде жүйе емдеу жолдарын және қажетті препараттарды ұсына алады. Сонымен қатар өсімдіктерді қорғауға қажетті құралдарды сатып алуға болатын компаниялар мен жеткізушілерді табуға көмектеседі.
Осылайша, фермердің қолында жай ғана егістік суреттері емес, шешім қабылдауға мүмкіндік беретін цифрлық құрал пайда болады: олқылықтар мен мәселе анықталған жер, қандай ауру болуы мүмкін, қандай шара қолдануға болады және қажетті препараттарды қайдан табуға болады – осының бәрі бір жүйеде қамтылады.
Жобаның негізгі артықшылықтарының бірі – қашықтан мониторинг жүргізу мүмкіндігі. Дрон ауқымды аумақтарды бақылауға мүмкіндік берсе, жасанды интеллект алынған деректерді жедел талдайды.
Аграрлық өңір үшін бұл – аса өзекті бағыт.
Agrotech, ұшқышсыз аппараттар, жасанды интеллект және деректерді талдау технологияларын пайдалану егістікті тұтастай өңдеуге негізделген дәстүрлі тәсілден біртіндеп дәлме-дәл егіншілікке көшуге мүмкіндік береді. Яғни ресурс мен назар проблемасы анықталған нақты учаскелерге бағытталады.
Бұл тәсіл өсімдік ауруларын дер кезінде анықтауға, өнім шығынын азайтуға, өсімдіктерді қорғау құралдарын тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба авторлары үшін басты мақсат – жасанды интеллектінің мүмкіндігін көрсету ғана емес, оның нақты саладағы практикалық құндылығын дәлелдеу.
Студенттердің бұл жобасы университет қабырғасында дүниеге келген идеялардың оқу аудиториясымен шектелмей, экономиканың нақты салаларында қолдануға болатын технологиялық шешімдерге айнала алатынын көрсетеді.






