Baitursynuly University-дің Педагогикалық институтында жаратылыстану пәндері кафедрасының профессоры Юрий Пережогиннің ғылыми монографиясының тұсаукесері өтті.
«Сосудистые растения Костанайской области» деп аталатын бұл еңбек – биология ғылымдарының кандидатының ұзақ жылдық зерттеулерінің нәтижесі. Монография мемлекеттік бағдарлама ИРН BR18574125 «Изучение современного состояния видового разнообразия сосудистых растений Казахстана с использованием современных методов ботаники, молекулярной генетики и биоинформатики» жобасы аясында әріптестерімен және «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылған.
Бұл еңбек – екі жылдық гранттық зерттеу жобасының нәтижесі. Сонымен бірге монографияға университет ботаниктерінің соңғы 30 жыл ішінде Қостанай облысының барлық аудандарында жүргізген далалық экспедиция материалдары енгізілген. Жалпы 25 мыңнан астам гербарий үлгілері талданған, сондай-ақ Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институтының, Мәскеу мемлекеттік университетінің, Санкт-Петербордағы Ресей Ғылым академиясы Ботаника институтының қорлары пайдаланылған.
Іс-шараға профессордың әріптестері, жобаның стейкхолдерлері, Қостанай облысының биология пәні мұғалімдері, ҚӨУ студенттері мен магистранттары қатысты.
 Спикерлер бұл еңбекті өңір флорасы жайлы өте құнды және көптен күткен ғылыми басылым ретінде жоғары бағалады.
Зерттеу нәтижесінде облыс аумағында 101 тұқымдасқа, 452 туысқа жататын 1145 өсімдік түрі бар екені анықталды. Фитоценоздық талдау нәтижелері бойынша аридті (қуаң дала) өсімдіктерінің күрт азаюы жерлердің жаппай жыртылуымен байланысты екені анықталды. Бұл жағдай ең алдымен дала аймақтарына әсер еткен. Қызыл кітапқа енгізілген сирек және жойылып бара жатқан өсімдіктердің 18 таксоны Қостанай өңірінде кездеседі.
Облыстың тамырлы өсімдіктер флорасы алғаш рет кешенді түрде жарияланып отыр.



