2026 жылғы далалық маусымда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары Челябі мемлекеттік университеті мен «Арқайым» қорығының мамандарымен бірлесіп, Тобыл және Обаған өзендерінің аңғарларында археологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Мақсат – бұл аумақта әйгілі Арқайымға ұқсас бекіністі қоныстардың бар-жоғын анықтау.
Зерттеуге бұған дейін Орал археологы Алексей Страхов пен Ресей Ғылым академиясы Орал бөлімшесі Тарих және археология институтының ғылыми қызметкері Николай Солдаткин ғарыштық түсірілімдерден анықтаған сегіз нысан негіз болды. Нысандардың ерекше пішіні олардың қола дәуіріне жататын көне қоныстар болуы мүмкін деген болжам жасауға мүмкіндік берген.
Далалық жұмыстарға ҚӨУ қауымдастырылған профессорлары Ирина Шевнина мен Андрей Логвин жетекшілік етті. Экспедиция құрамында археолог Алексей Страхов, ЧелМУ археология бөлімінің меңгерушісі Наталья Батанина, ҚӨУ археологиялық зертханасының ғылыми қызметкері Алмас Жәлелов және студенттер Галина Скорая мен Рустам Ахметжанов болды.
Зерттеу нәтижелері бастапқы болжамды растады. Сегіз нысанның алтауынан қола дәуіріне жататын материалдар табылды. Бір нысаннан синташта мәдениетіне тән қыш ыдыс сынықтары, тағы екі нысаннан ежелгі металл өндірісін айғақтайтын металлургиялық шлак анықталды.
Зерттеу нәтижесінде бекіністі қоныстардың бұрын болжанғаннан әлдеқайда кең аумақта – Оралдан Есілге дейін орналасқаны анықталды. Бұл шамамен төрт мың жыл бұрынғы синташта-петров мәдени дәстүрлерімен байланысты ежелгі бекіністі қоныстар кешені – «Қалалар елі» деп аталатын тарихи-мәдени ареал туралы түсінікті кеңейтеді.
2026 жылғы далалық маусымның тағы бір маңызды нәтижесі – барлығы тоғыз бекіністі қоныстың анықталуы. Бұл – өзіндік археологиялық рекорд.
ҚӨУ үшін бұл жаңалық Қостанай өңірінің ежелгі тарихын зерттеуге қосылған маңызды үлес. Жаңалық Қазақстанның археологиялық картасы әлі де толық зерттелмегенін көрсетеді. Ал ежелгі «Қалалар елінің» шекарасы әлі де кеңейіп келеді.







