Baitursynuly University-де «Мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығының драйвері ретінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара көрнекті ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Досқали Наймановтың 85 жылдық мерейтойына арналды. Ол ғылымға адал жанның үлгісі.
Конференцияның басты мақсаты – еліміздің аграрлық ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалымның еңбегін және оның өмір жолын жас ұрпаққа дәріптеу.
Жиынға профессордың шәкірттері, университет басшылығы мен шетелдік әріптестері қатысты.
Досқали Құрмашұлы көптеген жас мамандар үшін ұстаздық пен адамгершіліктің, кәсіби шеберліктің үлгісі болып келеді.
Оның есімі Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал. Ғалым отандық аграрлық ғылымды халықаралық деңгейде таныстырып, шетелдік әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан.
Конференция барысында Baitursynuly University ректоры Сейтбек Қуанышбаев құттықтау сөз сөйлеп, профессордың ғылым саласындағы еңбегін ерекше атап өтіп, оған қазақтың дәстүрлі шапанын табыс етті.
«Сіздің ғылымға қосқан үлесіңіз – оқу ордамыздың абыройы. Бұл мерейтой жаңа жетістіктер мен лайықты марапаттардың бастауы болсын», – деді ректор.
Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – профессор Наймановқа ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының шешімімен берілген «Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» атағы төсбелгісі мен куәлігін табыстау болды.
Мерейтой иесінің шәкірті, «НПЦ ЖиВ» ЖШС директоры Ануарбек Бисембаев естелігімен бөлісті:
«1999 жылы сізбен алғаш танысқан сәттен бастап, өмірімді ауыл шаруашылығымен байланыстыруды ұйғардым. Сіз бізге тәртіп пен мамандыққа деген сүйіспеншілікті үйреттіңіз», – деді ол.
Кездесу соңында профессор Досқали Найманов құрмет көрсеткендердің барлығына алғыс білдірді:
«Бүгін мен үшін ерекше күн. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге ризамын. Баршаңызға мықты денсаулық, амандық және барлық істеріңізге сәттілік тілеймін», – деді ол.