Жылдамдықты үдетеміз. Кеттік!!!

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті жаңа белесті бағындырды.

Студенттер оқытушыларының жетекшілігімен екі жыл бойы ҚӨУ-дың озық машина жасау орталығында автокөлік құрастырды.

Жоба толықтай университет қабырғасында жүзеге асырылды: идеядан бастап модельді әзірлеу мен бөлшектерді құрастыруға дейінгі барлық жұмыс ҚӨУ-да жасалды.

Болидті салтанатты таныстыру рәсіміне автомобиль жасау саласының кәсіпорын өкілдері қатысты.

Қостанай өңірі Қазақстанның автопром орталығы саналады. Мұнда бірнеше танымал брендтің автокөліктері сәтті құрастырылып келеді.

ҚӨУ ректоры Сеитбек Қуанышбаевтың айтуынша, бұл болид – білім мен автокөлік өндірісін біріктіретін маңызды бастама.

– Жоба идеясы 2023 жылдың басында пайда болды, – деді Сейтбек Бекенұлы. – Қостанайда толыққанды отандық бренд қалыптастыру үшін студенттік жобалардан бастау қажет.
Біздің басты миссиямыз – машина жасау саласы үшін дайын мамандар даярлау. Студенттер оқып жүріп-ақ автокөліктің қалай құрастырылып, қалай жұмыс істейтінін тәжірибе жүзінде түсінуі тиіс.

Бұл болид – Қазақстанда толықтай студенттер мен оқытушылардың күшімен жасалған осындай деңгейдегі алғашқы автокөлік.

Әрбір бөлшек алдымен цифрлық форматта әзірленіп, компьютерлік сынақтардан өтті. Тек сәтті симуляциялардан кейін ғана соңғы нұсқасы жасалды.

Жоба университет пен серіктестердің бірлескен еңбегінің нәтижесі болды. Серіктестер бөлшектерді станоктарда өңдеуге және импорттық компоненттерді сатып алуға қолдау көрсетті.

Бір орындық жарыс болиді небәрі үш секундта 100 км/сағ жылдамдыққа дейін үдей алады.

Көліктің мүмкіндіктерін ҚӨУ-нің машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері іс жүзінде көрсетті.

ҚӨУ-дың озық машина жасау орталығының басшысы Валерий Сисиннің айтуынша:

– Биыл күзде студенттеріміз «Формула-студент» жарысына қатысады. Бұл – студенттер нөлден бастап жарыс болидін жобалап, есептеп, құрастыратын халықаралық инженерлік жарыс.
Жоба «қатаң инкубатор» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Нәтижесінде «шикі» түлек емес, отандық автопромды дамытуға немесе тіпті ғарыш аппараттарын жасауға қабілетті дайын маман қалыптасады (мұны АҚШ пен Еуропадағы жоба қатысушыларының тәжірибесі дәлелдейді).
Студенттер теориялық зерттеулер мен компьютерлік модельдеуден бастап, ЧПУ (сандық бағдарламалық басқару) станоктарына арналған бағдарламалар жазуға дейінгі толық циклден өтеді.

Қабылдау комиссиясы