САПАСЫ сыналған ғылым

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің сынақ зертханасы бес жыл мерзімге аккредиттеу аттестатын алды.

Ғылыми зерттеулер заманауи технологиялар мен жабдықтарды ғана емес, сапа стандарттарын қатаң сақтауды да талап етеді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасады. 2026 жылдың 8 қазанында Физика-химиялық зерттеулер және материалтану зертханасы аккредиттеу аттестатын алды.

ҚӨУ Инновациялық технологиялар ғылыми-зерттеу институты жанындағы зертхана Қазақстан Республикасының ұлттық аккредиттеу жүйесінде ресми түрде аккредиттелді. Оның қызметі ГОСТ ISO/IEC 17025-2019 «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптар» халықаралық стандартына сәйкес келеді. Аттестаттың қолданылу мерзімі – 2031 жылдың 8 қазанына дейін.

Аттестат алмас бұрын, осы жылдың 18–20 тамызы аралығында зертхана қызметіне бағалау жүргізілді. Нәтижесінде барлығы стандарт талаптарына сәйкес екендігі анықталды. Бұл зертхананың сапа мен техникалық құзыреттілікке қойылатын белгіленген талаптарға сай екенін растайды.

Аккредиттеу – университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту, зертханалық базасын жетілдіру және жүргізілетін зерттеулердің сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.

Бұл бағыттағы жұмыстар 2024–2026 жылдарға арналған BR24992785 «Қостанай облысының агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша кешенді зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу, ғылыми-зерттеу технологиялық орталығын құру» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама нысаналы-бағдарламалық қаржыландыру шеңберінде іске асырылып келеді.

Бағдарлама жетекшісі – ҚӨУ Инновациялық технологиялар ғылыми-зерттеу институтының директоры Алия Ысқақ.

Аккредиттеу аттестатын алу – белгіленген талаптарға сәйкестікті ресми растаумен ғана шектелмейді. Бұл университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, зерттеу базасын нығайтуға және зертханалық жұмыстардың сапасын жақсартуға бағытталған маңызды нәтиже.

Аккредиттеу университеттің ғылыми жобаларын одан әрі дамытуға және өңірдің өзекті мәселелерін, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің міндеттерін шешуге бағытталған зерттеулерді кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қабылдау комиссиясы