Еңбектің авторлары – ҚӨУ әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Андрей Логвин мен Ирина Шевнина.
Андрей Викторович – ҚӨУ археологиялық зертханасының меңгерушісі, ал Ирина Викторовна – аға ғылыми қызметкер.
Монография Қазақстандағы қола дәуіріне жататын аса маңызды археологиялық ескерткіштердің бірі – Бестамақ қорымын кешенді зерттеуге арналған. Басылымда авторлардың көп жылдар бойы жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері жинақталған.
Еңбекте қорымның құрылымы, қорған топтарының орналасуы, қабір құрылыстарының ерекшеліктері, сондай-ақ жерлеу рәсімдері жан-жақты талданған.
Бестамақ қорымы Әулиекөл ауданында орналасқан. Ескерткішті 1990 жылы Харьковка ауылының шопаны тауып алған, алғашқы ғылыми зерттеулер 1991 жылы археолог Виктор Логвиннің жетекшілігімен басталған. Айта кету керек, бұл әулеттің бірнеше ұрпағы ҚӨУ-де табысты еңбек етіп келеді.
Археологиялық қазба жұмыстары аталмыш қорымда 2015 жылға дейін жүргізілді. 12 далалық маусым барысында көптеген құнды жәдігерлер табылып, 183 жерлеу нысаны зерттелді.
Зерттеу нәтижелері Бестамақ қорымын Торғай ойпатының ежелгі тұрғындары энеолит дәуірінен бастап орта ғасырларға дейін ұзақ уақыт бойы пайдаланғанын көрсетті. Ескерткіш аумағында тас, қола және ерте темір дәуірлеріне тән қорымдар анықталған.
Монографияның қосымшаларында трасология, антропология және басқа да салалар бойынша мамандардың ғылыми зерттеулері мен қорытындылары ұсынылған. Сонымен қатар ескерткішті зерттеуге шетелдік ғалымдар да атсалысқан.
Жыл сайын археологиялық қазба жұмыстарына университетіміздің тарих білім беру бағдарламасының студенттері белсенді түрде қатысады. Олар далалық зерттеулермен қатар, табылған жәдігерлерді тазалау, өңдеу, қыш ыдыстар мен басқа да бұйымдарды қалпына келтіру жұмыстарына көмектеседі.
«Бестамақ қорымы» монографиясы – үш жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесі. 1991 жылдан бері жинақталған ауқымды деректерді жүйелеу, материалдарды ғылыми өңдеу және иллюстрацияларды реттеу көп уақыт пен қажырлы еңбекті талап етті.
Ғалымдар өз кәсібінің күрделі тұстарын да атап өтті: бірнеше айға созылатын далалық зерттеулерден кейін ұзақ зертханалық жұмыстар жүргізіледі. Бұл кезеңде табылған жәдігерлер жан-жақты зерттеліп, сипатталып, ұқсас археологиялық материалдармен салыстырылады.
Барлық қиындықтарға қарамастан, Андрей Викторович пен Ирина Викторовна – өз ісіне шын берілген, ғылымға адал мамандар. Олардың кәсіби шеберлігі мен табандылығының арқасында өткен күндер тарихы жаңғыруда.
Әріптестерімізді ғылыми еңбектерінің жарыққа шығуымен құттықтап, оларға табыс, жаңа ғылыми жетістіктер тілейміз!














