Шараны университеттің Қазақстан тарихы кафедрасы мен филология және практикалық лингвистика кафедрасы бірлесе ұйымдастырды.
Жиынның негізгі мақсаты – мұрағат деректеріне сүйене отырып, туған өлкенің өткенін зерделеу, тарихи-мәдени мұрамызды сақтап, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу және гуманитарлық ғылымдардағы өзекті мәселелерді талқылау.
Алқалы жиын аясында филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадықтың «Серт» және «Жошы ұлысы және қазақ аңыздары» атты монографияларының салтанатты тұсаукесері өтті.
Жиынға қатысушылар бұл жаңа зерттеулерді Қазақстан тарихы мен ұлттық рухани мәдениетті түгендеуге қосылған қомақты үлес деп бағалады.
Ғалымдар мен сарапшылар бұл туындылардың отандық гуманитарлық ғылымды дамытудағы рөлі зор екенін атап өтті.
Мұнымен қоса, көптомдық «Тургайская газета» басылымының алғашқы екі томы көпшілікке таныстырылды.
Бұл еңбек Торғай өңірінің қоғамдық-саяси, тарихи және мәдени тыныс-тіршілігінен сыр шертетін, өткен күннің айнасы іспетті құнды тарихи мұра ретінде қабылданды.
Жиында тарихи дереккөздерді көздің қарашығындай сақтап, оларды ғылыми айналымға қосудың маңыздылығы ерекше айтылды.
Қатысушылардың пікірінше, жарық көрген бұл кітаптардың еліміздегі өлкетану, мұрағат ісі мен тарихи-мәдени мұраларды зерттеу саласына берері мол.






