«ӨНЕР» өрлей берсін

Baitursynuly University-де жұмыс аптасы ерекше көңіл-күймен аяқталды. ҚӨУ «ӨНЕР» шығармашылық үйі 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерекелік кеш өнерге, шабытқа және алғысқа толы болды.

2001 жылы халық ақыны Асия Беркенованың бастамасымен шағын шығармашылық студия болып құрылған «Өнер» бүгінде үлкен рухани ортаға айналды. Бұл ортада журналисті, инженерді, агрономды да кездестіре аласыз… Мамандықтары әртүрлі болғанымен, барлығын осы ортаға жетелейтін бір нәрсе бар – өнерге деген іңкәрлік, шығармашылықтың лебін сезіну және өз бойындағы талантын жаңадан жарқырату.

Студияның басты ұраны да осы: сұлулықты тануға және оны өз қолыңмен жарату қабілетіне тәрбиелеу.

«Бүгін университетіміз үшін мәдени маңызды күн. 25 жыл бойы «Өнер» көптеген дарынды студенттердің қабілетін ашып, олардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырып келеді.
«Өнер» – жастардың әлеуметтік шығармашылығын дамытып, өнерге махаббатын оятатын ерекше мекен. Студияның жолы алдағы уақытта да табысты болсын. «Өнер» өрлей берсін, жас таланттардың жолы әрдайым ашық болсын!» – деді ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев.

Құттықтаулардан кейін ҚӨУ ректоры студия қызметкерлеріне алғыс хаттарын табыстады.

Ширек ғасыр ішінде «Өнер» қабырғасынан мыңға жуық талантты түлек түлеп ұшты. Сахнада өнер көрсеткендердің барлығы – осы студияның еңбегін бойына сіңірген түлектер.

Ән, би, жылы естеліктер, жанға жақын сөздер – көрермендер әр нөмір арқылы сол түлектердің тарихын бірге сезінгендей болды.

Экранда Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген түлектердің бейнеқұттықтаулары көрсетілді.

«ӨНЕР» – жай ғана шығармашылық орталық емес. Бұл – білім ордамыздың түрлі талантты жастарын біріктірген үлкен отбасы. «ӨНЕР», мерейтойың құтты болсын! Мың жаса!!!

Қабылдау комиссиясы