Қадамы құтты, КҮНІ сәтті түлектер

Бүгін Baitursynuly University педагогикалық институтының түлектеріне салтанатты түрде диплом табысталды.

Айтпақшы, бүгінгі күннің реті де бөлек – 26.06.26. Осындай таңбасы тең, сирек кездесетін әдемі күннің жас мамандардың үлкен өмірге қадам басқан сәтімен тұспа-тұс келуі жақсы ырым болса керек.

2025–2026 оқу жылында қара шаңырақтан 1150 бакалавр түлеп ұшса, соның 210-ы оқуын үздік бітіріп, «қызыл дипломға» қол жеткізді.
Сондай-ақ 59 магистрантқа да кейінгі деңгейдегі білім куәліктері табыс етілді.

Жиынның шымылдығын түрген ҚӨУ ректоры Сейітбек Қуанышбаев жастарға ақ батасын берді:
«Қымбатты түлектер! Баршаңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Төрт жыл уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Алдағы өмірлеріңіздің әр күні бүгінгідей мерекелі де берекелі болсын. Жүздеріңізден күлкі, бойларыңыздан жалын кетпесін. Қадамдарыңызға сәттілік тілеймін!»

Бүгінгі пединституттың 498 студенті қолдарына диплом алды. Қалған түлектер үшін бұл қуаныш дүйсенбі күні жалғаспақ.

Ал 26.06.26 деген осы бір тамаша күн жастардың жадында студенттік дәуреннің ең жарқын сәті ретінде мәңгі сақталмақ. Сапарларыңыз сәтті, қадамдарыңыз құтты болсын!

Қабылдау комиссиясы