ДИПЛОМДАР, ПОГОНДАР МЕН жаңа КӨКЖИЕКТЕР!

Baitursynuly University түлектері үшін өмір деген кітаптың жаңа, жарқын беттері ашылмақ!

Бүгін ҚӨУ-де диплом табыстаудың салтанатты рәсімі басталып кетті. Шараның шымылдығын алғашқы болып машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінің түлектері түрді.

Биыл бұл факультет білімі мен жинақтаған тәжірибесін іс жүзінде қолдануға, жаңа өмірге нық қадам басып, мықты кәсіби мансап құруға дайын 359 маманды қанаттандырды.

Жалпы 2026 жылы ҚӨУ-де 2242 түлек бакалавр дипломын алса, 239 азамат магистратураны сәтті тәмамдады.

Әскери кафедра түлектері үшін де бұл күннің орны бөлек. Биыл 109 сарбаз запастағы лейтенант шенін алды. 2026 жылдың 22 маусымындағы ресми бұйрыққа сәйкес, түлектерге офицерлік погондар салтанатты түрде табысталды.

Бұл сәт әр сарбаздың жадында мәңгілікке қалары сөзсіз.

Түлектеріміз үшін тағы бір маңызды жаңалық! Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай (1 шілдеден бастап), ҚӨУ-дің 25 белсенді студенті Ата заңның арнайы экземплярына ие болды. Алғашқы бағалы сыйлықтар бүгін өз иелерін тапты.

Сонымен қатар, студенттік өмірдің бас-қасында жүріп, университеттің дамуына үлес қосқан белсенді жастар да назардан тыс қалмай, арнайы мадақтамалармен марапатталды.

– Барша түлекке тек сәттілік пен жаңа белестер тілеймін! Оқуды жалғастырамын деушілерге магистратура мен докторантураның есігі әрдайым ашық. Өз тарапымыздан біз сіздердің кәсіби өсулеріңіз үшін барлық жағдайды жасаймыз. Шын жүректен сіздерді де, сіздерді баптап өсірген ата-аналарыңызды да осы бір маңызды оқиғамен құттықтаймын! – деп ҚӨУ ректоры Сеитбек Қуанышбаев ізгі тілектерімен бөлісті.

Бүгінгі күн жүректен шыққан ақ тілектер мен құттықтауларға толы болды. Дегенмен кештің көңіл күйін «Кухня» телехикаясындағы Огузоктың сөзі дәл жеткізіп тұр:

«Болды, бітті… Бұл да бір тарих. Қызығы мен шыжығы қатар жүрген, кейде көңілің қалса да, бастысы – өміріңде ойып тұрып орын алған ұмытылмас кезең болды! Бұл жылдар бізді мықты болуға, өмірдің әрбір кедергісіне төзімділікпен қарап, сүрінбей өтуге үйретті…»

Түлектер, ештеңеден қорықпаңыздар! Мықтылардың мықтысы – сіздер! Біз сіздерге сенеміз!

Салтанатты шара жалғасады. Ертеңгі күннің басты жұлдыздары экономика және құқық факультетінің түлектері болмақ.

Қабылдау комиссиясы