«EcoLife-KRU»: ҮЗДІКТЕРДІҢ ҮЗДІГІ

Baitursynuly University-дің экологиялық клубы «EcoLife-KRU» өңірдің белсенді де бастамашыл клубтарының бірі ретінде танылды.

Команда облыстық оқу орындары арасындағы экологиялық идеялар мен жобалар байқауында көш бастап, жеңімпаз атанды.

Байқауды «Экологиялық клуб Neco»» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Онда креативті әрі пайдалы экожобалар жинақталғанымен, біздің эко-клуб ерекше көзге түсті.

«EcoLife-KRU» немен айналысады?

Олар әлеуметтік желідегі посттар, әдемі плакаттар айналасында ғана емес, «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы ауқымды жұмыспен айналысады. Команда нақты әрі пайдалы жобаларды жүзеге асыруда: қоқысты сұрыптап жинау контейнерлерін орнатады, қайта өңдеуге қабылдайтын пункттерді ашады, акциялар, лекциялар мен кездесулер өткізіп, университетте шынайы экологиялық мәдениет қалыптастырады.

Байқауда жастарымыз ҚӨУ-де алюминий қаптамаларын жинау жобасын ұсынды.

Еріктілердің жасаған жүйесі – алюминий мен пластикті жинап, қайта өңдеуге жіберу. Сонда, қалдықтар қоқыс полигонына түспей, пайдалы дүниеге жаратылады.

Міне, дәл осы жоба командаға лайықты жеңіс пен 100 000 теңге сыйлық әкелді.

Бұл қаржы жаңа эко-бастамаларды жүзеге асыруға және клуб қызметін кеңейтуге жұмсалмақ.

«Команданың негізгі міндеті – студенттерге қолдау көрсету және олардың күнделікті әдеттерін экологияны қорғауға сай өзгертуге жәрдемдесу», – дейді клуб жетекшісі Гүлзат Жетпісбай.

Байқау алаңында заманауи әрі батыл экологиялық идеялар ұсынылғанымен, «EcoLife-KRU» бастамасы көрнекті де шабыт беретін жобалардың үздігі деп саналды.

Университеттегі экоқозғалыс дамып келеді. Бұл дегеніміз, «Zero Waste» концепциясы – жай сән мен трендке емес, қазіргі жастардың шынайы өмір салтына айналғаны.

Эко-еріктілерімізді жеңістерімен құттықтаймыз! Біз сіздерді мақтан тұтамыз!

Қабылдау комиссиясы