ҚӨУ қабырғасындағы ЭТНО-FASHION

ҚӨУ педагогикалық институтында Наурыз мейрамына орай ұлттық киімдер шеруі өтіп, оқу ордасы нағыз думанға бөленді.

Биыл Қазақстанда Әз-Наурыз 14-23 наурыз аралығында он күн бойы тойлануда. «Наурызнама» онкүндігінің ішіндегі ең айшықты күндердің бірі – 18 наурыз, Ұлттық киім күні.

Осы айтулы күнге орай пединститутта нағыз этно-шоу ұйымдастырылды. Сән үлгісін көрсету барысында көрермендер қауымы ұлттық киімнің сан алуан түріне куә болды: оюмен өрнектелген нәзік қамзолдар, айбынды шапандар, сәнді сәукеле мен тақиялар, этникалық нақыштағы көйлектер мен көздің жауын алатын бұйымдар жиналғандардың назарын аударды.

– Наурызнама онкүндігінің маңызы зор күндерінің бірі – Ұлттық киім күні. Бүгін біз ұлттық киімдерімізді кие отырып, оның сұлулығын ғана емес, сонымен қатар ата-бабамыздан қалған асыл мұраға деген шексіз құрметімізді де көрсетеміз.

Бұл – халқымыздың тарихымен және рухани құндылықтарымен сабақтастықты сезінудің таптырмас мүмкіндігі.

Ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік бірлігімізді бекемдеп, жаңа белестерге жетелесін, ал жүректерімізді төл мәдениетімізге деген мақтаныш сезімі кернесін.

Осы шараға атсалысқан барша қауымға алғыс айта отырып, әрқайсыңызға биік белестер мен толағай табыстар тілеймін!, – деп атап өтті ҚӨУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева.

Қабылдау комиссиясы