Спорт. Бірлік. Ө-ө-өте қызықты сәттер! Baitursynuly University оқытушылары мен қызметкерлері арасындағы Біріншіліктің соңғы күні дәл осылай есте қалды.
Шешуші кезең ерекше қарқынды әрі думанды өтті. Қатысушылар дартс, арқан тарту, таяқ тарту және эстафетада бақ сынасты. Бұл – бірлік, өзара қолдау, командалық рух пен көтеріңкі көңіл-күй басты рөл атқаратын спорт түрлері.
Дартс сайысына 96 адам (52 әйел, 44 ер адам) қатысты. Таяқ тартуда – 34 спортшы. Арқан тартуда – 4 команда, ал эстафетада – 6 команда сынға түсті.
Күннің шарықтау шегі – «Көңілді бастамалар» спорттық эстафетасы.
Мұнда тіпті ең байсалды деген әріптестеріміздің өзі эмоциясын жасыра алмады: жүгірді, секірді, күлді, бір-біріне қолдау көрсетті.
Бір сәтте қастарында профессорлар, ғалымдар мен декандар тұрғанын да ұмытып кетті-ау.
Күнделікті қарбаластан бір мезетке алыстап, әріптестермен еркін ортада араласуға, қозғалыстан ләззат алуға тамаша мүмкіндік сыйлаған күн болды.
Сонымен қатар «Сұңқар» спорт кешенінде ҚӨУ командасы үшін кең дастархан жайылды.
Тәтті шәй үшін университетіміздің жастар саясаты басқармасы мен кәсіподақ ұйымына алғысымыз шексіз.
ҚӨУ оқытушылары мен қызметкерлері арасындағы Біріншілік – факультет, кафедра не бөлім деп бөлінбей, барлығымызды біріктіретін ортақ серпін.
Айта кетейік, ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл қатысушылар саны ерекше көп болған. ҚӨУ-дің белсенділігі жылдан-жылға артып келеді!
Спорт апталығы аяқталды, алайда спорттық рух пен көңіл-күй әлі көпке дейін есте қалмақ.
Студенттерімізді де осындай серпінмен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға дайынбыз!
Қөу… таудай бастамалар тіледім!

















