Дәстүрге сүйенген ҚУАТ пен ТЕКТІЛІККЕ толы тартыс

Наурызнама аясында 20 наурыз күні ҚӨУ-де Ұлттық спорт күні атап өтілді.

Студенттер мен оқытушылардың басын қосқан бұл күн өте мазмұнды әрі әсерлі өтті.

ҚӨУ пединститутының спорт залы Наурыздың құрметіне ерекше кейіпке еніп, жан біткендей болды: айнала у-ду, қолдау көрсеткен жанкүйерлер мен жеңіске деген құштарлық ортаны жандандыра түсті.

Мұнда ұлттық спорттың бірнеше түрінен – гір көтеру, арқан тартыс, таяқ тартыс, асық ату және бес асықтан жарыстар ұйымдастырылды.

Әр алаңда ондаған қатысушы бақ сынап, көрермендердің рухын оятты.

Сайыскерлер барын салып, күш-жігері мен ептілігін, төзімділігін паш етті. Тартыс өте шиеленісті өткенімен, дәл осы жағдай жарыстың көркін қыздырып, қызықты ете түсті.

Университет басшылығы да бұл дүбірлі додадан шет қалмай, белсенділік танытты.

ҚӨУ-дің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұрлыхан Темірбеков пен пединститут директоры Кенжегүл Есіркепова асық атуда ептіліктерін байқаса, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Эльмира Кенжеғалиева бес асық ойынында шеберлік көрсетті.

Студенттер бұл сәтті зор қошеметпен қабылдады, өйткені мұндай сәттер ұжымды жақындастырып, ортада жылы ахуал қалыптастырады.

Ұлттық дәстүр тек өткеннің белгісі емес, ол бүгінгі өміріміздің ажырамас бөлшегі. Дәстүрлі ойындар жұрттың басын біріктіріп, бойға қуат құяды және кейін жылылықпен еске алатын естеліктер сыйлайды. ҚӨУ-де өткен Ұлттық спорт күні де дәл сондай жарқын сәттердің біріне айналды!

Қабылдау комиссиясы