Биылғы оқу жылы аталған факультет үшін өте жемісті болды: 211 жас маман дипломдарына қол жеткізді. Олардың ішінде 33 түлек үздік белгісімен бітірсе, 17 магистрант алған білімдерін жоғары оқу орнынан кейінгі сатыда шыңдап, отандық ғылымды дамытуға өз үлестерін қоспақ.
Мерекелік шараның шымылдығын түрген ҚӨУ ректоры Сеитбек Қуанышбаев студенттерге жылы лебізін білдіріп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ресми құттықтауын оқып берді:
– Бүгін – университет тарихындағы ерекше күн. Министр Саясат Нұрбек өз құттықтауында атап өткендей: «Сіздер еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға атсалысатын жас мамандардың қатарын толықтырып отырсыздар. Заманауи білімдеріңіз бен кәсіби дағдыларыңызды мемлекет игілігіне жұмсап, Қазақстанның өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенеміз. Сіздерге жарқын болашақ, толағай табыстар мен жаңа жетістіктер тілейміз». Қымбатты түлектер, айтулы күндеріңізбен тағы да құттықтаймын!
Салтанатты жиынның қадірлі қонағы болған Қостанай қалалық мәслихатының депутаты Арман Есмағамбетов те ақ тілегін арнады:
– Асқақ мақсаттар қоюдан қорықпаңыздар, талпыныңыздар және ешқашан ізденуді тоқтатпаңыздар. Атына заты сай болып, ҚӨУ түлегі деген мәртебе – бұл жоғары сапаның белгісі екенін ұмытпағайсыздар. Ақ жол! Сәт сапар! Алған білімдеріңіз өңіріміз бен бүкіл еліміздің игілігіне жарап, мансап жолдарыңыз өрлей берсін!
Мерекелік кеш мақтаныш сезіміне, қимастық мұңы мен үлкен өзгерістерге деген үкілі үмітке толы болды. Алда жастарды үлкен өмір мен бағындырар жаңа белестер күтіп тұр. ҚӨУ түлектерін үлкен де сәтті сапардың басталуымен шын жүректен құттықтаймыз!


















