«Бір белесті бағындырдым!»

Синоптиктер жаңбыр жауады деп болжағанымен, бүгінгі күннің райы мүлдем бөлек болды. Аспан шайдай ашылып, күн көзі Baitursynuly University педагогикалық институтын тәмамдаған түлектердің жүзіндегі қуанышпен бірге жарқырай түсті.

Жас мамандарға диплом табыстау салтанатын ҚӨУ ректоры Сеитбек Қуанышбаев ашып берді. Ол түлектерді айтулы күнмен шын жүректен құттықтап, қара шаңырақтың есігі олар үшін әрдайым ашық екенін ерекше атап өтті.

Бүгінгі салтанатты жиын – педагогикалық институт түлектеріне диплом тапсыру рәсімінің жалғасы. Өткен жұмада университет қабырғасынан 498 студент түлеп ұшса, бүгін тағы 700 жас маман қолдарына дипломдарын алды!

Мерекелік шараға Қостанай облысы білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаров арнайы қатысты. Ардақ Құрмашұлы ұстаздар қауымының қатарын толықтырған жас мамандарды құттықтап, ҚӨУ дипломдарын өз қолымен табыс етті.

ҚӨУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева жас түлектерді үлкен өмірге қадам басуларымен құттықтап, ақжарма тілегін арнады:

– Студенттік шақпен қоштасып, әлемді жақсы жағына қарай өзгертуге дайын жас маман ретінде үлкен өмірге жол тарттыңыздар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз! Қайда жүрсеңіздер де, үлкен де өнегелі университет отбасымыздың бір бөлшегісіздер. Өмірден өз орындарыңызды тауып, асқақ армандарыңызды орындап, еліміздің гүлденуіне үлес қоса беріңіздер. Бүгін жаңа мақсаттарға жол ашатын әрі мақтанышпен «Бір белесті бағындырдым» деп айта алатын ерекше күн!

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ! Ұстаздар қауымы тағы да білікті мамандармен толықты!

Қабылдау комиссиясы