Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, пединститутқа Қостанай қаласындағы №8, 14 және 21 мектептерден ерекше білім беру қажеттіліктері бар бастауыш сынып оқушылары, олардың ата-аналары мен ұстаздары қонаққа шақырылды.
Бұл ізгі шараны ҚӨУ Инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау орталығы, пединституттың педагогика, психология және арнайы білім беру кафедрасы мен Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі бірлесе ұйымдастырды.
Қонақтар үшін бұл күн жаңа таныстықтар мен қызықты жаңалықтарға толы болды.
Мереке animalтерапиядан басталды. Балалардың ең сүйікті досына айналған София есімді ақылды әрі мейірімді ит жиналғандардың ықыласына бөленді. Балалар жануарлармен қалай тіл табысу керектігін үйреніп, санаулы минуттардан кейін-ақ Софиямен етене араласып кетті.
Сонан соң балалар арнайы тақырыптық алаңдарға бөлінді. «Сиқырлы сенсорика», «НейроПарк» және «Ақылды ойынхана» атты интерактивті алаңдарда 3-4 курс студенттері – Арина Злодеева, Елизавета Фабер, Мария Севергина, Надежда Полуносик, Полина Куприянчик, Елдана Болатова, Мадина Нугманова, Айман Амалмабекқызы, Ақерке Орынбек и Дариға Бекова балаларға арнап дамытушы ойындар мен жаттығулар ұйымдастырды. Олар кішкентай қонақтарға ұмытылмас әсер сыйлап, көтеріңкі көңіл-күй мен жылылыққа толы ерекше атмосфера тарту етті.
Барлық тапсырмалар әр баланың жеке ерекшелігіне сай бейімделіп дайындалған.
ҚӨУ Инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Татьяна Зуеваның пікірнше, бұл жобаның балалар үшін де, болашақ мамандар үшін өзектілігі жоғары.
«Мақсатымыз – балаларға қолдау көрсетумен қатар, студенттердің іс жүзінде тәжірибе жинауына жағдай жасау. Бүгін олар алаңдардың жұмысын өздері ұйымдастырып, бағдарлама әзірледі және ерікті ретінде белсенділік танытты. Бұл – теориялық білімнің нақты кәсіби дағдыға қалай ұласатынының үлгісі.
Әрине, мұндай сабақтарды онлайн форматта да өткізіп тұрамыз, бірақ бетпе-бет жүздесіп, әңгімелесудің орны бөлек».
«Арнайы педагогика» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Мадина Нугманова ерекше балалармен жұмыс істеу тек білімді ғана емес, икемділікті де талап ететінін жеткізді.
«Біз үшін балалардың өздерін еркін, жайлы сезінуі және қабілеттерін көрсете алуы маңызды.
Әрине, алдын ала сценарий мен түрлі ойындар дайындадық, бірақ әр баланың мінезі мен танымы бөлек. Сондықтан бұл жерде тек жоспармен шектелу мүмкін емес. Жағдайға қарай тез бейімделіп, баланың тілін тауып, қызығушылығын оята білу керек.
Осындай кездесулер оқу орнында алған білімімізді шыңдай түсуге көмектеседі», – дейді бойжеткен.
Мерекенің жоғары деңгейде өтуіне педагогика, психология және арнайы білім беру кафедрасының оқытушылары Гүлжан Алипбаева мен Мадина Капарова ерекше үлес қосты. Олардың ұйымдастыруымен дайындалған қызықты бағдарлама бүлдіршіндер үшін ұмытылмас сәттерге толы болды.
Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесіне және оның төрайымы, ҚӨУ аға оқытушысы Ақжан Алтыбаеваға ерекше алғыс білдіреміз. Қамқор жандардың қолдауымен балаларға арнайы сыйлықтар мен жаздың ең сүйікті тәттісі – балмұздақ үлестірілді. «Қоғамдық келісім» өкілімен бірге кішкентай бүлдіршіндерге шексіз қуаныш пен жарқын күлкі сыйлады.
Инклюзия – қарапайым адами қарым-қатынастан, жылылық пен шынайы қолдаудан басталады. Ал болашақ ұстаздар үшін мұндай жүздесулер әр баланың табиғатын түсінуге, оны сол қалпында қабылдауға және мүмкіндіктерін ашуға көмектесетін үлкен кәсіби мектеп іспетті.


















